Шетелдік маркетплейстердің 505 млрд теңгенің экспортынан 24 млрд теңге ғана салық төлегені рас па

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта шетелдік маркетплейстердің 505 млрд теңгенің экспортынан 24 млрд теңге ғана салық төлегені туралы деректі теріске шығарды. 

Павлодар прокурорлары жарты миллиард теңге салықтан жалтарған кәсіпорынды анықтады.
Фото: Бас көлік прокуратурасы

Депутаттық сауалда 2023 жылы шетелдік маркетплейстер 24,3 млрд теңге салық төлегені айтылған. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша сол жылда қазақстандықтар шетелдік интернет-дүкендерден сатып алған тауарлар құны шамамен 505 миллиард теңге болған. 

- 505 миллиардтың 24 миллиарды 4,8 пайыз ғана. Ал қосылған құн салығын төлегенде бұл үлес 12 процент болу керек. Сонда 500 млрд теңгенің қосылған құн салығы 24 млрд теңге емес, 60 млрд теңге болу керек еді, - деп жазылған сауалда.

Вице-премьер бұл сауалға жауап ретінде басқаша есеп ұсынған.

- 2023 жылы жеке тұлғалар мен қазақстандық маркетплейстер жасаған импорттың көлемі 124,8 млрд теңге болып, осынша көлемге сай салық пен кедендік баж төленді. Бұл жерде кедендік төлем мен салықтарды импорттаушы тұлға төлейді және шетелдік маркетплейстен қосылған құн салығы алынбайды, - дейді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ, ол Ұлттық банк статистикасы мен Google Tax мәдіметтерінің арасындағы айырмашылықтың себебін екі фактормен байланыстырады.

- Трансшекаралық электронды саудаға жататын тауардың көлемін айқындау әдістемесінде бірізділік жоқ. Ұлттық банк мәліметтері бойынша электронды сауданы бағалаған кезде мынандай сипаттар ескеріледі: төлем жасалған картаның қазақстандық банк шығарған болу керек, аударылған ақша шетелдік банкте шешіліп алынған болу қажет, төлем интернет арқылы жасалған болу керек, МСС код (сауда нүктесіне берілетін 4 таңбалы код – ред.) тауар сатылымымен сәйкес болуы шарт. Екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банкке аударымдар мен төлемдері туралы берген дерегінде әр шетелдік маркетплейстің жасаған сауда сомасы туралы толық ақпарат жоқ. Әр маркетплейске қайтарып берілген тауардың көлемі, кедендік төлемдер туралы ақпарат жоқ, - деп жазады Ұлттық экономика министрі. 

Оның пайымдауынша, айырмашылықтың тағы бір себебі шетелдік маркетплейстерді салық міндеттемелерін мәжбүрлеп орындату тетіктерінің жоқтығында.

- Жаңа Салық кодексінің жобасында салықты дұрыс төлемеген және тіркелмеген шетелдік маркетплейстердің сайттарын бұғаттауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілген. Қаржы министрлігі Сыртқы істер министрлігімен және елшіліктермен бірге шетелдік маркетплейстерді тіркеу бағытында жұмыс жүргізді. Осының нәтижесінде Alibaba, Pinduoduo, Temu маркетпелйстері 2024 жылы тіркеуден өтті, - деп жазады Серік Жұманғарин.

Жауапта келтірілген ресми мәліметке сенсек, Қазақстанда 105 шетелдік маркетплейс қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелген. 

Олар: 

  • - Apple, Amazon, Alibaba (1688, lazada, tmall, Taobao); 
  • - Aliexpress, Adobe, Ebay, Google, iHerb, Huawei, Meta (Facebook, instagramm); 
  • - Netflix, Nintendo, Ozon, Pinduoduo, Temu, TikTok, Samsung, Sony, Zoom.

Бұлардың 44-сі 2022 жылы, 19-ы 2023 жылы, 35-і 2024 жылы, жетеуі 2025 жылы тіркелген. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәдіметі бойынша Қазақстанда тіркелген 9 негізгі Қытай маркетплейсі бюджетке 6 млрд теңге аударған

Соңғы жаңалықтар