Шетелдік студенттер үшін көпмәртелік электронды виза енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдік студенттер үшін жаңадан көпмәртелік электронды виза енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

— Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылып жатыр. Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда – тарихи рекорд. Мақсат — бұл санды 2029 жылға қарай 150 000-ға жеткізу. Ол үшін шетелдік студенттерге, сондай-ақ ғалымдар, профессорларға, мамандарға виза беру тәртібін қайта қарастыруымыз қажет. Шетелдік студенттер үшін көпмәртелік электронды виза жаңадан қарастырылады, - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, еліміздің көші-қон саясаты тұжырымдамасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша визаларды енгізу қарастырылған. Мұндай визалар ғылым, білім, технологиялар салаларында құнды дағдылары бар шетелдік мамандарға және этникалық қазақтарға беріледі.
— Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер көп елде бар. Мысалы, Канадада түлектерге 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат бар. Дубайда шетелдік студенттер ұзақ мерзімді визалар алады, ал үздік студенттерге арнайы «Алтын виза» беріледі. Мәскеуде студенттерге «Мәскеулік карта» жұмыс істейді, - деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Жолдауында шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту туралы тапсырма берген болатын.