Шетелдіктер әлемдік креативті экономика конференциясындағы қазақстандық стендке жоғары баға берді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында өткен IV Әлемдік креативті экономика конференциясында «Creative Innovation Institute» Орталық Азияның Тұрақты даму қоры Қазақстандағы креативті индустрияның әлеуетін таныстырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

креативті экономика
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ауқымды іс-шараға креативті экономика саласындағы белді халықаралық сарапшылар, бірнеше елдің мәдениет министрліктерінің өкілдері және осы индустрияда табысты жұмыс істеп келе жатқан компания басшылары қатысты. Оның барысында кретивті индустрия бағытына енгізіліп жатқан тың технологиялар мен жасанды интеллекттің болашақ мүмкіндігі, экономикалық дамуға әсері хақында сөз қозғалды.

креативті экономика
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сонымен қатар, әлемдік конференция аясында Creative Village алаңында түрлі елдің төл мәдениеті мен креативті индустрия саласындағы әлеуетін таныстыратын көрмелер ұйымдастырылды. 

Оның ішінде қазақстандық стенд келушілер мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Ұйымдастырушылар онда орналасқан әр элемент пен ұлттық тағамдар арқылы қазақ халқының бай тарихын таныстырып, қонақжайлық қасиетін көрсетуге тырысқан.

«Бізге бұл жобаны ұйымдастыру оңай болмады, дегенмен оны сәтті жүзеге асырдық. Командамыз Қазақстанның атын халықаралық аренада ілгерілетуге күш жұмсап келеді. Осы стенд аясында біз «PLATON 5D» білім беру жобасын таныстырдық. Бұл платформада креативтілік пен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің тиімді тәсілдері ұштастырылған. Ол халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біз көмек көрсеткен Almaty Creative, Almaty Art Museum сияқты серіктестерімізге алғыс білдіреміз», - деді Creative Village алаңында қазақстандық стендті таныстырған Ирина Харитонова.

креативті экономика
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Белгілі сарапшы, Сент-Люсияда орналасқан Артур Льюис атындағы қоғамдық колледждің ректоры Кейт Норс қазақстандық стендтің бірегейлігін атап өтіп, әр ел креативті индустрия саласына мамандарды ерте жастан баулу керектігіне тоқталды.

«Креативті индустрияға адамдарды ерте жастан тарту маңызды. Бұл олардың ой-өрісін дамытып, жан-жақты сараптама жасай алуына, өзгеріп жатқан жағдайға тез бейімделуіне жәрдемдеседі», - деді Кейт Норс.

Бұған қоса, аталған конференцияға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов елдегі креативті индустрияның қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Ол атап өткендей, Қазақстан 2029 жылға дейін оның үлесін жалпы ішкі өнімнің 1% жеткізуді көздеп отыр.

креативті экономика
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Мен Өзбекстанда креативті индустрия саласында жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес туралы ақпаратпен таныстым әрі көршілес елдің жетістігіне қуаныштымын. Мұнда аталған салада 12 мың кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, ал Қазақстанда креативті индустрия бағытында 50 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Оларда 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында креативті экномиканы дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Осыған сай, бізде биылдан бастап арнайы салық режимі енгізілді. Ол арқылы жеңілдік алатын креативті индустрия субъектілерінің тізімін кеңейте түстік. Тиісінше, биылдың өзінде бұл салада 6 мың кәсіпорын ашылды», - деп түйіндеді Евгений Кочетов.

Соңғы жаңалықтар