Шетелге кеткендерге 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу деректері анықталды - аудит
АСТАНА. KAZINFORM – Медициналық қызметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану деректері анықталды. Бұл туралы Мәжілісте МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбына арналған Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлім етті.

- Аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқ екендігін көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу фактілері анықталды. Келесі маңызды аспект – қаржылық тәртіп пен есептілік. Аудит кезеңінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қазметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану 31 млрд теңгені, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты 13,2 млрд теңгені құрады. Тиімсіздіктің негізгі себептері - сапасыз жоспарлау, яғни уақтылы құқықтық құжаттарды бекітпеу, қалдықтарды ескермеу және басқа да мәселелер, - деді Н. Нұржанов.
Оның айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының республикалық бюджет пен Медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаттарының пайдалануына қатысты қаржылық есептерді Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнама аясында қалыптастырып, ұсынбағандығы анықталды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық моделінде бірқатар кемшілік анықталды.