Шетелге жүк тасу: отандық компаниялар «ойыннан» шығып қалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын отандық компаниялар жаңа жылдан кейін бірқатар қиындықтарға тап болуы мүмкін. Кәсіпкерлер елордада өткен жиында осы мәселенің мән-жайын айтты.

2025 жылдың 15 қаңтарында елімізде халықаралық жүк тасымалына рұқсат берудің жаңа ережесі күшіне енеді. Яғни, шетелдік рұқсат бланкісін алу және пайдалану талаптары қатаңдатылады. Шетелдік рұқсат бланкісі (ШРБ) — автомобильмен халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыру кезінде тасымалдаушылардың шет мемлекеттерге кіруіне мүмкіндік беретін рұқсат қағазы, құжат.
Ондағы өзгерістерге сай, талапты бұзған жүк көлігіне VIN-код номері бойынша тыйым салынады да, 6 айға дейінгі уақыт ішінде жүк тасымалын жүзеге асыра алмайды.
Қандай жағдайда шектеу жасалады?
Жаңа ережеге сай мына жағдайларда жүк тасымалдаушыларға шектеу тағайындалады:
1. Өтінімі қабылданғаны туралы хабарлама жіберілген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде автокөлік құралы ҚР аумағынан шықпаса, оның VIN-кодына шектеу қойылады (шектеу мерзімі 6 ай).
2. ҚР аумағына кіргеннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде бұған дейін алған ШРБ-ның түпнұсқасын қайтармаса, оның VIN-кодына шектеу қойылады (шектеу мерзімі 6 ай).
3. Соңғы 3 ай ішінде ел аумағынан шығу және ШРБ-ны қайтару талаптарын 3 рет бұзса, жүк тасымалдаушыға 3 айлық шектеу енгізіледі.
4. Алған ШРБ-ны пайдаланбаған жағдайда жүк тасымалдаушыға 6 айлық шектеу енгізіледі.
5. Өз ШРБ-сын берген және өзгенің ШРБ-сын алған жағдайда, ШРБ-сын берушіге де, ШРБ-ны алушыға да 6 айлық шектеу енгізіледі.
6. Шектеу көліктің VIN-кодына тіркеледі де, оны басқа адам атына тіркеген жағдайда да күші жойылмайды. Заң бұзушылықты жойған жағдайда, шектеу 6 ай өткен соң алынады (сондай шектеу енгізілген жағдайда).
Жүк көлігі 30 күнде елден шығып үлгере ме?
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің айтуынша, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыру үшін автокөліктің 30 күн ішінде елден шығуы кейбір жағдайларда мүмкін емес. Ал заң талабы іс жүзіндегі жағдайларға сай емес.

— Жүктер негізінен Ресей Федерациясы территориясы арқылы Қытайдан Еуропалық Одақ елдері бағытында тасымалданады. Санкцияға байланысты оның бір бөлігі қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өткізілуде. Атап өтерлік жайт, жаңағы айтқан 30 күн жүк көліктерінің елден шығып үлгеруіне жеткіліксіз. Ақтау портында, Каспий теңізінде қатты жел, дауыл соққанда, жүк тасымалына кедергі келтіреді. Қазір Құрық портында жүгін паромға қайта тиеп, теңізді асу үшін 1000-дай көлік тізіліп тұр. Онда 25 күндей кезек күтеді. Ал Қытай шекарасынан Құрық портына дейін 5 күнде жету мүмкін емес. Біз құзыретті органдарға қойылған талаптар кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін ескертеміз, — дейді ол.
Талдау жүргізілмеген
Мұрат Амриннің айтуынша, бұндай ережелерді енгізер алдында министрлік «реттеушілік әсерге талдау» жүргізбеген. Яғни, іс жүзінде халықаралық жүк тасымалдаушылардың жұмысына қалай әсер ететіні ескерілмеген.
— Біз 2019 жылдан бері халықаралық тасымалдау қызметтері нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін еліміздің жүк тасымалдайтын автокөліктер паркін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Халықаралық жүк тасымалына қолданылатын ершікті автотартқыштарға утилизациялық және алғашқы тіркеу алымын алдырып тастадық. Осылайша шетелдік тасымалдаушыларға бәсекелес бола алатындай жағдайға жеттік. Жаңа ережедегі талапты бұзған автокөлікті 6 айға дейін халықаралық тасымалдан шектеу тармағы бұған дейін атқарған жұмыстарымызға қайшы келіп тұр. Бұның бәрі реттеушілік әсерге талдау жасалмағаннан туындап отыр. Бұл талапты қатаңдату шаралары бизнеске қарсы келеді, — деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.
Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаковтың айтуынша, реттеушілік әсерге талдау жасау ісіне көлік министрлігі емес, Ұлттық экономика министрлігі жауапты. Ал бұл заңнамалық өзгерістерді енгізу кезінде реттеушілік әсерге талдау жасаудың қажеттілігі жоқ деп танылған.
Отандық компаниялар нарықтан ысырыла ма?
Қазақстанда халықаралық тасымалдарға 20 750 автокөлік паркі бар 1883 тасымалдаушы жұмылдырылған. ШРБ-ны айырбастау 42 мемлекетпен жүзеге асырылады. Елдегі халықаралық жүк тасымалының жалпы көлеміндегі қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 45%-ды құрайды.
Қазір Қытайдан ЕО-ға, ЕАЭО елдеріне жүк жеткізуге сұраныс артып тұр. Қазақстандық бизнес қауымдастық осы орайда ел нарығына кіруге ниетті ірі шетелдік компаниялар тарапынан бәсекелестік күшейіп, отандық компаниялардың саны қысқаруы мүмкін деп санайды.
Мұрат Амриннің айтуынша, Қазақстан транзиттік әлеуеті жоғары ел болғандықтан жүк тасымалы нарығында отандық компаниялардың қызмет көрсетуі маңызды. Ал жаңа ереже талаптары бұл нарықтан еліміздің компанияларын ысырып тастауға әсер етуі ықтимал.
Бар бәле бланк сатушылардан басталған
Қазіргі бланкілер — фирманың атауы да, машинаның нөмірі де көрсетілмейтін бос парақ. Қолданыстағы жүйе бойынша оның 50%-ы алдыңғы жылдары жұмыс істеген тасымалдаушылардың атына бекітіледі. Тасымалдау тарихы оларға бланкілерді алуға мүмкіндік береді. Ал қалған жартысы резервтік санатқа өтеді де, оны қалған тасымалдаушылар ала алады. Осылайша бланк алудағы тең мүмкіндік сақталмайды.
Бұл жағдай бланкті алып, өзі жүк тасымалдаумен айналыспай, оны нақты тасымалмен айналысатын компанияларға сату арқылы пайда табатын «делдал тасымалдаушылардың» пайда болуына әкелген. Бейресми мәліметтер бойынша, бір бланктің көлеңкелі нарықтағы құны 3 мың долларға дейін барады.
Бланк алыпсатарлары бағаны ұстап тұру үшін жасанды тапшылық жасайды, ол өз кезегінде жыл соңында игерілмеген бланктердің қордаланып қалуына соқтырады. Мәселен, 2022 жылы бланкілердің тек 45%-ы ғана пайдаланылып, 55%-ы бос қалған. 2023 жылы 270 мың бланктің 58%-ы пайдаланылған.
Шетелдік рұқсат бланкілерін тарату жүйесін реформалау көлеңкелі нарықта бланкілердің жасанды тапшылығын туғызу мен оларды заңсыз қайта сату жағдайларын болдырмауға бағытталған. Алайда, кәсіпкерлер ендігі жерде бланкке көліктің номері, VIN-коды жазылуы түрлі жағдайларда, мәселен визасы жоқ жүргізушіні ауыстыруға, көлік апаты болған жағдайда жүк көлігін ауыстыруға кедергі келтіретінін айтып отыр.
Көлік министрлігі ережені өзгертуге көне ме?
Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков ереже күшіне енген соң бизнес тарапынан нақты, дәлелді ұсыныс болса, оны қарастыруға дайын екендерін айтады.

— Бұйрық 15 қаңтар күні күшіне енеді. Ешбір жалған үміт болмас үшін бірден айтайын, ереже қолданысқа енгенге дейін ешбір өзгеріс енгізілмейді. Алайда, келесі аптадан бастап біз кәсіпкерлерден ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Әуелі отырып талқылаймыз. Ұсыныс нақты, дәлелді болса, біз бұйрық қолданысқа енген соң, тиісті өзгерістерді қарастыруға дайынбыз, — деді ведомство өкілі.
Кәсіпкерлер не дейді?
Жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер бір ауыздан жаңа ережедегі шектеу шараларын бизнеске зиянды деп санайтынын білдірді.
Атап айтқанда, олар жүк көлігінің 30 күнде елден шығып үлгеруі керектігі жайлы шешім қабылданарда шекараның жабылуы, кеден органдарының кедергісі, жүк жөнелтушілердің бастамасымен маршруттың өзгеруі, тұтынушының көліктен бас тартуы секілді оқыс жағдайлар ескерілмегенін айтады.

— Біз көлеңкелі нарықпен күресте Көлік министрлігінің бастамаларын қолдаймыз. Дегенмен, жаңа ережелер нарықтағы нақты жағдайды мүлдем елемейді. Көптеген кәсіпкерлердің кепілінде пәтерлер мен басқа да мүліктер бар. Мұндай жағдайда бизнес зардап шегеді, ал жосықсыз компаниялар жаңа фирмалар ашып, шектеусіз жаңа бланкілерді алуды жалғастыруда. Бұл өзгерістер кәсіпорындардың жаппай жабылуына әкеледі, - деді «ALEM TRANS GROUP» ЖШС көлік компаниясының директоры Владимир Степчено.
«CarNet» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Абсатовтың айтуынша, ҚХР-дан ЕО-ға орта дәлізбен жүктерді (құю батареялары және т. б.) жеткізуді жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылар 30 күнде елден шығып үлгермейді.
Ақтөбе қаласының кәсіпкері Жалел Жасекеновтің айтуынша, бұл ереже қытайлық компаниялардың қазақстандық тасымалдаушылардан бас тартуына әкеп соғады.

«Біздің мақсатымыз — елдің транзиттік әлеуетін дамыту, бірақ шекарадағы кідірістер, сондай-ақ жаңа талаптары бар ереже қытайлық жөнелтушілердің қазақстандық компанияларды жалдаудан бас тартуына ықпал етеді. Оларға шетелдік тасымалдаушылармен жұмыс істеу тиімдірек. Аталмыш ережені қайта қарау керек», — деді ол.
Кездесуге қатысушылар Көлік министрлігінің жаңа нормалары отандық экономиканың дамуына кері әсер тигізіп отырғанын мәлімдеді.

— Біз инвестицияларды белсенді түрде тартып, жылжымалы құрамды жаңартып жатырмыз. Үкімет утилизациялық алыман және алғашқы тіркеуден босатып, қолдау білдірді. Алайда, Көлік министрлігінің бұйрығында инвестициялық климатты нашарлататын нормалар бар. Бұл бизнесті дамытқысы келетіндерге әділетсіз шешім болып отыр. Ережені түбегейлі өзгерту қажет, — деп атап өтті «VICTORY-TRANS» ЖШС директоры Қуанышбек Садырбаев.