«Шеврон» компаниясының демеушілігімен Астана және Алматыдағы жұмыссыз әйелдерді қайта мамандандыру жобасы басталды
Бұл жайында бүгін арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының» президенті Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, жүзеге асырылғалы отырған жоба халықтың әлеуметтік тұрмысы осал топтарындағы әйелдерге бағытталған және «Бизнестің жол картасы-2010» мемлекеттік бағдарламасының мақсат, міндеттеріне сәйкес келеді.
«Бұл шара 2009 жылы Астана қаласы мен Алматы облысындағы Іле ауданында жүзеге асқан жобаның жетістіктеріне негізделген. Сол кездегі жоба аясында Қауымдастық 440 әйелді оқытып, олардың 80 пайызы жұмысқа тұрса, 10 пайызы үйдегі асхана, ателье, қолөнер орталығы, шағын балабақша сияқты өз істерін ашқан. Сондай-ақ әйелдердің өзін-өзі бағалауы жоғарылап, өз күшіне деген сенімі артқан», дейді Р.Сәрсембаева.
«Шеврон» компаниясының қоғам және үкіметпен байланыс бөлімінің үйлестірушісі Гүлжан Смағұлова компанияларының мемлекет экономикасының дамуына және жұртшылықтың адами әлеуетін дамытуға септігін тигізетін бағдарламалардың жүзеге асуына назар аударатынын айтады. «Аталмыш қауымдастықпен бірігіп осы жылы 500 жұмыссыз әйелге кәсіби мамандық беру жобасының жалғасын тапқанына қуаныштымыз», дейді ол.
Іске асқалы отырған жоба бойынша Астана қаласындағы «Мұрагер-Астана» білім беру кешенінде, «Думан» қонақүйінде, «Салтанат Сарайы» аспазханасында, «Шаштараз мектебі» ЖШС-нің негізінде бала күтуші, тәрбиеші, үй күтушісі, шаштараз, наубайшы-кондитер мамандықтарын дайындау жұмыстары жүргізіледі.
Ал Алматы қаласындағы жұмыссыз әйелдерді тегін оқыту «Белый слон» және «Жұлдыз» мейрамханалары мен «Жетісу», «Анкара» қонақүйлері мен «Alta Moda» компаниясының оқыту базаларында өткізіліп отыр. Дайындықтан өткен мамандарды Қауымдастық алдын ала келісімшартқа отырған серіктес өнеркәсіптеріне жұмысқа тұруға көмектеседі.