Шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз – Президент Украинаға қатысты келіссөз жайлы

САМАРҚАНД. KAZINFORM – «Орталық Азия - Еуропа Одағы» саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз – Президент Украинаға қатысты келіссөз жайлы
Фото: Kazinform

– Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанады және барлық мүдделі мемлекетпен, негізгі халықаралық құрылымдармен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Менің ойымша, жаһандық тұрақсыздық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық танытып, жауапкершілікпен қараған жөн. Конструктивті диалог жүргізіп, бейбіт жолмен дамуға ұмтылу маңызды, - деп тоқталды Президент.

Сондай-ақ ол әлем елдерін БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге шақырды.

– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия - Еуропа Одағы» форматындағы алғашқы саммиті өтті.

Бұрын хабарлағанымыздай, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен келді. Оның барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесулер өткізді.

Соңғы жаңалықтар