Шиеліде жайылымнан мал ұрлаған күдікті ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданында жайылымнан 6 бас сиыр ұрлаған жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі күндері облыста еліміздің ішкі істер министрлігінің 2019-2020 жылдарға арналған «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасының талаптарын орындау мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынды. Осы мақсатта Шиелі аудандық полиция бөлімі бойынша мобильдік топтар құрылған.
«Аудан көлемінде жүргізілген рейд барысында мал тасымалдау дерегі анықталды. Шиелі кентінде тоқтатылған «ГАЗель» автокөлігінен алты сиыр малы еш құжатсыз тасымалдағаны анықталды. Тексеру барысында аталған сиырлар Ы.Жақаев ауылына қарасты егістік алқапта өз беттерінше жайылып жүрген жерінен ұрланған малдар болып шықты», деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, осы қылмысқа қатысы бар күдікті 43 жастағы аудан тұрғыны ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабының 1 бөлігімен (мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.