Шығыс Қазақстан облысының құтқарушыларына жаңа техникалар табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Шығыс Қазақстан облысының құтқару бөлімшелеріне жаңа техниканың кілттерін табыс етті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушыларына жаңа техникалар табысталды
Фото: ҚР ТЖМ

Өңірдің күрделі рельефі мен климаттық жағдайында қолдануға арналған өрт сөндіру көліктері, өтімділігі жоғары жол талғамайтын техника, гидроциклдер және басқа да арнайы жабдықтар құтқару қызметінің иелігіне түсті.

— Құтқарушылардың жедел әрі тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи техникалық құралдардың болуы өте маңызды. Бұл биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысына жаңа техниканың екінші мәрте жеткізілуі. Бұл өңірдің материалдық-техникалық базасын едәуір нығайтады, — деді Шыңғыс Әрінов.

Сонымен қатар іс-шара барысында министр төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы цифрлық жобалармен танысты. Облыста туристерді QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілді. Көшкін қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізіліп, сондай-ақ күшті әсер ететін заттармен ықтимал залалдану аймақтары анықталып жатыр.

Шара барасында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар мен қоғам белсенділеріне алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, Алатау полигонында өрт сөндірген қызметкерлер марапатталды.

Соңғы жаңалықтар