Шығыс Қазақстан ормандарында 21 рет өрт шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 21 рет өрт болды

Оның 17-сі найзағай салдарынан шыққан.
- Өрт шарпыған жалпы аумақ шамамен 200 гектарды құрайды, келтірілген залал 1 миллион теңгеден асқан. Облыстағы аптап ыстыққа байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр, - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өрт қаупінің дәрежесі келесідей 5 сынып бойынша сипатталады: 1-сынып - өрт қаупі жоқ; 2-сынып – болмашы өрт қаупі; 3-сынып – орташа өрт қаупі; 4-сынып – жоғары өрт қаупі; 5-сынып – төтенше өрт қаупі
Соңғы күндері Шығыс Қазақстандағы орман өрті қаупі сыныптары келесідей:
- 3-сынып – Алтай ауданы, Риддер қаласы, Марқакөл ауданы;
- 4-сынып – Өскемен қаласы, Үлкен Нарын ауданы, Күршім ауданы;
- 5-сынып – Катонқарағай ауданы, Самар ауданы, Зайсан ауданы.
Еске салсақ, осыған дейін Түркияда орман өрттері салдарынан 407 тұрғын үй жойылғаны хабарланған.