Шығыс Қазақстанда 150-ге жуық дәрігер жетіспейді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы мәселесі әлі өзекті.

аурухана
Фото: Александр Павский/Kazinform

Өңірдегі медицина саласының қазіргі жағдайы туралы ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанова айтып берді.

- Тұрғындарға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бірқатар бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау, сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту. Осы жылдың тоғыз айында медициналық қызметкерлер 10 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізді. Соның барысында өңірдің 69 230 тұрғыны қамтылды, - деді ол.

Жыл көлемінде ана өлімі тіркелмеген. В гепатитінің көрсеткіштері төмендеп, туберкулезбен сырқаттанушылық азайды.

«Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында биыл облыста 35 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Тағы бір нысан құрылысы жылдың соңына дейін аяқталады. Медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 87,5%-ға жетті.

Алайда әлі күнге дейін дәрігер тапшылығы мәселесі шешілмей келеді. Бүгінде жалпы саны 150-ге жуық ақ халатты маман жетіспейді. Оның ішінде педиатрлар, анестезиологтар, реаниматологтар, акушер-гинекологтар және жалпы тәжірибелік дәрігерлер керек.

Еске салсақ, осыған дейін қызылордалық дәрігерлер бір күнде үш адамның бүйрегін ауыстырғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар