Шығыс Қазақстанда 16 адамды кене шақты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында күн жылынғалы бері кене шаққандар саны көбейіп келеді.

Шығыс Қазақстан тұрғындарын кене шаға бастады
Фото: Pexels

Биыл өңірде кене белсенділігі әдеттегіден ерте басталды. Наурыз айының аяғынан осы уақытқа дейін облыста кене шағу дерегімен 16 адам медициналық көмекке жүгінген.

Зардап шеккендердің барлығына кене энцефалитіне қарсы вакцина егілді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы медициналық ұйымдарда иммуноглобулин қоры жеткілікті.

- Алғашқы тіркелген жағдайлар арасында кене арқылы жұғатын инфекциялар анықталған жоқ. Көпжылдық талдау нәтижесіне сәйкес, энцефалит пен өзге де инфекциялар, әдетте, мамыр айында тіркеле бастайды. Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің тұрақты табиғи ошақтары бар. Олар Глубокое, Катонқарағай, Шемонаиха, Ұлан, Алтай, Самар аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңы, - дейді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

Өңір тұрғындарына табиғат аясына шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтап, жабық киім кию және репелленттер қолдану қажеттігі ескертілді.

Еске салсақ, осыған дейін кенеден қалай қорғануға болатындығы туралы маман кеңесін жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар