Шығыс Қазақстанда 3 адам мопедін тіркеуге қойды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 3 адам жаңа заңнама талаптарына сәйкес мопедтерін тіркеуге қойды.

Облыста алғашқы мопедтер тіркеуден өтті. Аудандардың бірінде тұратын азамат апта басында мопедін ресімдесе, тағы екеуін Өскемен тұрғындары есепке қойған. Барлық мопед иелеріне тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмірлер берілді. Бұл туралы ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишин мәлім етті.
- Осы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болды. Енді осы көлік түрін пайдалану үшін келесі шарттарды орындау қажет: полицияда мемлекеттік тіркеуден өту, A, A1 немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін алу, техникалық байқаудан өту және азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыру полисіне ие болу, - деді ол.
Мопедтерді тіркеу Өскемен қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілуде. Көлік құралын тіркеу үшін жеке куәлік, техникалық паспорт немесе көлік құралының сипаттамалары көрсетілген құжаттар болуы тиіс. Одан соң өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.
Жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін, тіркелмеген мопедті басқару және жүргізуші куәлігісіз жүру қатаң тыйым салынады.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда тіркелген мопедтер саны 100-ден асқаны хабарланған.