Шығыс Қазақстанда 4 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында оқу жылын 98 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішіндегі 4430-ы - мектеп түлегі.

Школа , образование / мектеп , білім
Фото: Kazinform / Әділет Беремқұлов

Өңірде 343 мемлекеттік мектеп бар. Онда білім алып жатқан 4430 оқушы биыл 11-сыныпты, ал 9104 оқушы 9-шы сыныпты аяқтайын деп отыр. Бұл туралы ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева мәлім етті.

- Тоғызыншы сыныптың мыңға жуық оқушысы ерекше үлгідегі аттестат алуға үміткер, ал 3 724 оқушы колледжге түсуге шешім қабылдаған. Жоғары сыныптар арасындағы 368 түлек «Алтын белгіге», 403 оқушы үздік аттестатқа үміткер. 3 342 түлек жоғары оқу орындарына, ал 316 түлек колледжге түспек, - дейді ол.

Облыста ҰБТ-ға қатысу белсенді түрде жүріп жатыр. Мектеп бітірушілердің 84%-ы тестілеуге қатысуды ұйғарған. Олардың 90%-ы сынақ тестілеуінен өтіп үлгерді.

- Емтихандар кестесі: 9 (10) сыныптар үшін 29 мамырдан 10 маусымға дейін, 11 (12) сыныптар үшін - 30 мамырдан 16 маусымға дейін. Бастауыш сынып оқушылары да демалмайды, мамыр айының соңында қазақ тілі мен әдебиетінен қорытынды аттестация тапсырады, - дейді Инесса Чернышева.

Бірінші сыныпқа қабылдауға тіркеу басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда 9 729 болашақ оқушының 6 166-сынан өтініш түскен.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында биыл 5500-ге жуық оқушы мектеп бітіретіндігі жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар