Шығыс Қазақстанда 6 қаржы пирамидасы халыққа 400 млн теңгеден астам залал келтірген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 6 қаржы пирамидасының жолы кесілді.

Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер азаяр емес – Сенатор
Фото: pixabay.com/Max Zolotukhin

ШҚО Экономикалық тергеу департаментінің мәліметіне сүйенсек, ең ірі алаяқтық схемаларға барғандар - «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» пен «Eolus». Олар тек облыста емес, бүкіл ел аумағында әрекет еткен.

Қаржылық пирамидалардан зардап шеккендер жылдам әрі оңай ақшаны уәде берген алаяқтарға сеніп қалған. Барлығы 250-ден астам өңір тұрғыны 400 млн теңгеден астам шығынға батқан. Сонымен қатар облыста алаяқтарға банк карталары мен жеке деректерін беру, яғни «дропперлік» мәселесі де өзекті болып отыр.

- Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 6,2 мыңнан астам «дроп-карта» анықталды. Бұл карталар арқылы 24 млрд теңгеге жуық қаржы айналымы тіркелген. Көп жағдайда «дропперлер» қатарына студенттер, зейнеткерлер және жұмыссыз азаматтар кіреді. Олар өздерінің қылмыстық схемаға қатысып жатқанын түсінбейді, - дейді департаменттің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жанар Тайғаранова.

Оның айтуынша, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шығарылып, айыпталушылар бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстау облысында халықты қанаған қаржы пирамидасы анықталғаны жайлы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар