Шығыс Қазақстанда боранда қалған 3 балықшы құтқарылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар боранда қалған балықшыларға көмекке келді.

балықшы
Фото: ШҚО ТЖД

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха ауданы Убинка ауылынан 3 шақырым қашықтықта балықшылар боран салдарынан үйлеріне жете алмай қалған. Екі жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып, ер адамдар құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды.

- Өтімділігі жоғары техникамен оқиға орнына жедел-құтқару жасағының қызметкерлері шықты. Қар басқан ауыл жолымен зардап шеккендерге жеткен олар үш азаматты эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ, - делінген ақпаратта. 

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері балық аулауға, табиғат аясында демалысқа шыққанда дауылды ескертулерді елемеуге болмайтынын ескертті.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында полицейлер бір адамның өмірін құтқарып қалғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар