Шығыс Қазақстанда екі жолда көлік қозғалысына тыйым салынады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупі артуына байланысты екі жол жабылады.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыстық маңызы бар екі жолда автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылды.
– Сағат 18-00-ден бастап Өскемен-Тарғын-Самар тасжолының 88-145 шақырымы (Жоғарғы Тайынты мен Самар арасы), сағат 20-00-ден бастап Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік тасжолының 30-60 шақырымы (Зоя Космодемьянская лагері мен Солтүстік жолының арасы) жабық болады, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, кеше ауа райының бұзылуына байланысты екі облыста жол жабылған болатын.