Шығыс Қазақстанда кадр тапшылығы мәселесі өзекті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында түрлі салаларда кадр тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу барысында өңірде кадр тапшылығы сезіліп отырғаны анықталды. Әсіресе өндіріс, құрылыс, сауда, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада тапшылық жоғары.
- Зерттеуге Шығыс Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық кәсіпорын қатысты. Олардың есептеуі бойынша 2025 жылы кадрларға деген қажеттілік 7965 адамды құрайды. Әсіресе жұмысшы мамандықтарында бос орын көп, - дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан.
Әсіресе кен күйдіру және металл күйдіру пештерінің операторы, газ кесушілер, автослесарь, автомеханик, арматурашы, металл құрылымдарын монтаждаушы, электрик, ағаш ұстасы, сатушы мен автобус жүргізушісіне сұраныс жоғары.
– Жоғары білімді мамандарға сұраныс салыстырмалы түрде төмен. Негізгі қажеттілік – колледж түлектері. Бұл 4,3 мың адам, - дейді Әсет Әділхан.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде кәсіпкер әкімдікпен соттасып, жеңіп шыққаны хабарланған.