Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдің таулы аймақтарында соңғы күндері қар мол жаууына байланысты көшкін жүру қаупі артты.
- Осыған байланысты құтқарушылар мен ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары профилактикалық мақсатта қар көшкінін жүргізді. «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолының учаскесінде жарылыс жасалып, 380 текше метр қар түсірілді. Бұл жер үнемі бақылауға алынған. Себебі көлік жиі жүретін учаскеде қар көшкіні жүру ықтималдығы жоғары, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері облыс жұртшылығына таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі әлі де барын айтып, барынша сақ болуға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да биыл қар биіктігі де, ылғал мөлшері де былтырғыдан төмендігі хабарланған.