Шығыс Қазақстанда қысқа дайындық қалай жүргізіліп жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Синоптиктер Шығыс Қазақстан облысында алдағы қыста қар қалың жауады, кейде аяз -45 градусқа дейін жетеді деп болжап отыр. Kazinform тілшісі өңірдегі жол және коммуналдық қызметтердің мұндай ауа райына қаншалықты дайын екендігін біліп көрді.

зима
Фото: Нелли Нигматуллина

Ел шығысында қыс мінезі қаһарлы. Өткен жылдың басындағы ауа температурасының күрт өзгеруі мен қалың жауған қар Марқакөл ауданында төтенше жағдайдың жариялануына да себеп болғаны белгілі. Қаңтар-сәуір айлары аралығында облыста ауа райы жағдайына байланысты жолдар 44 рет, орташа есеппен 12 сағатқа жабылып отырған.

техника
Фото: Нелли Нигматуллина

Сондықтан қысқа дайындықты тыңғылықты жүргізу аса маңызды. Қазірдің өзінде көктайғаққа қарсы 100 тоннадан астам материал сатып алынып, құрал-жабдықтар жөндеуден өткен. 

«Жалпы Шығыс Қазақстанда қыс кезінде төтенше жағдайларды жою жоспарына сәйкес 1717 адам мен 686 техника жұмылдырылуға дайын. Оның ішіне коммуналдық және жол қызметтері де кіреді. Департаментте апаттық-құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргізу үшін 114 рельефтік техника да сақадай сай», - дейді ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ернар Жәлелов.

техника
Фото: Нелли Нигматуллина

Жалпы облыс бойынша 256 шақырым жол жиі қар құрсауында қалады. Оның 112 шақырымы - республикалық маңызы бар жолдар.

Бұл жолдарда «Қазавтожол» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны - «КАЖсервис» ЖШС Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қызмет көрсетеді.

техника
Фото: Нелли Нигматуллина

«Біздің филиал республикалық маңызы бар 597 шақырым жолда қызмет көрсетеді. Оларды қыста күтіп-ұстау үшін қазір 100 мамандандырылған қар тазалау техникасы әзір тұр. 2024 жылы арнайы техникалар паркін жаңартып, 6 ауыр автогрейдер алдық. Сонымен қатар жолдарды қардан қорғау үшін 1100 арнайы қар қалқанын дайындадық», - дейді кәсіпорынның бас инженері Айдын Нұралдинов.

техника
Фото: Нелли Нигматуллина

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстандағы қар тазалайтын техникалар қысқа әлі толық дайын еместігін хабарлаған едік.

техника
Фото: Нелли Нигматуллина

 

Соңғы жаңалықтар