Шығыс Қазақстанда шетел инвестициясын тарту неге бәсеңсіп кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомар Тоқаев 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше облыста тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендегенін мәлімдеген еді. Соның өңірлердің ішінде Шығыс Қазақстан да бар.

Бұл тұрғыдағы жұмыстың не себепті бәсеңсіп кеткенін Kazinform тілшісі ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиевтен сұрады.
- Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысына шетелден жалпы мөлшері қанша инвестиция тартылды?
- 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысына тікелей шетелдік инвестицияларының жалпы сомасы - 646,1 млн АҚШ долларын құрады. Инвестициялар бойынша деректерді ҚР Ұлттық банкі қалыптастырады. Бір жылдың қорытындысы бойынша статистикалық деректер тек наурыз айында жарияланады.
- Облысқа нақты қай елдер, қай салаларға, қанша қаражат құйған?
- Егер салаларға бөліп айтатын болсақ, тікелей шетелдік инвестициялар негізгі көлемі өңдеу өнеркәсібіне (9 айда - 536,3 млн АҚШ доллары), тау-кен өнеркәсібіне және карьерлерді қазуға (59 млн АҚШ доллары) құйылған. Ұлттық банк филиалының мәліметі бойынша инвесторды тікелей немесе жанама түрде анықтауға немесе ол туралы деректерді алуға мүмкіндік беретін статистикалық база құпия болып саналады. Соған байланысты қай елдерден инвестициялар салынғаны туралы ақпаратты біле алмаймыз.
- 2024 жылғы шетелден тартылған инвестиция көлемі 2023 жылмен салыстырғанда неше пайызға төмендеді?
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 1 млрл 677,6 млн АҚШ долларын құраған. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі 59,5 пайызға төмендеді.
- Бұл көрсеткіштің осыншама төмендеп кетуіне не себеп болды?
- Төмендеудің бірнеше негізгі себебі бар. Атап айтқанда, 2024 жылы өңірде мол қаржыны қажет ететін ауқымды инвестициялық жобалар болған жоқ. Одан соң инвестициялардың бір бөлігі алдағы жылдары HMS Bergbau AG неміс компаниясының өңірде ірі жобаларды іске асыру кезінде күтіліп отыр. Тағы бір себеп – өңірге ақша құйған инвесторлардың борыштық жүктемесін төмендетуі.
Тікелей шетел инвестициясын тартудың негізгі компоненттерінің бірі - қайта инвестициялау. Ал қайта инвестициялау мұнай бағасына тікелей тәуелді кәсіпорындардың кірісіне байланысты.
Сондай-ақ қайта инвестициялауда акционерлердің шешіміне байланысты дивидендтер бойынша төлемдер ескеріледі. Осылайша, Ұлттық банктің ақпаратынша, инвестициялар көлемін дәл болжап айту мүмкін емес.
- 2025 жылға Шығыс Қазақстан облысына шетелден қанша инвестиция тартылады деп көзделіп отыр? Ол қаражат қай салаларға құйылмақ?
- Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында ШҚО үшін 2 млрд 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясын тарту көзделген. Десе де жоғарыда айтқандай, инвестиция көлемі нақты осылай болады деп айта алмаймыз.
Өңірде келешекте тау-кен саласын дамыту, сирек жер металдарын, машина жасауды, құрылыс материалдарын өндіруге арналған жаңа кен орындарын барлау саласында шетелдік компанияларды тарту арқылы жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңдеу, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы жобалар келіссөздер сатысында. Осы жобалар тікелей инвесторлардың қаражаты есебінен іске асырылады.
- Президенттің сынынан кейін алдағы уақытта облыста шетел инвестициясын тарту қарқынын төмендетпеу үшін нақты қандай шаралар қолға алынбақ?
- Облысқа шетелдік инвестицияларды тарту қарқынының төмендеуіне жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша тиісті жұмыс жалғастырылады. Инвесторлар бізге ақша құюы үшін ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға әрбір жоба бойынша мерзімдері мен жауапты тұлғалар көрсетілген ақпарат жүктеледі.
Сонымен қатар «өңірдің инвестициялық жобаларының портфелі» түріндегі инвестициялық ұсыныстар шетелдік мекемелерге және «Kazakh Invest «ҰК» АҚ шетелдік өкілдеріне жіберіледі.
Бүгінде мемлекеттік органдар, прокуратура, кәсіпкерлер палатасы басшыларының қатысуымен өңірлік инвестициялық штаб құрылған. Қажет болған жағдайда жобаларды іске асыру кезінде туындайтын инвесторлардың өзекті мәселелері, шетелдік және отандық компаниялардың нақты кейстері қаралып, жедел шешім қабылданады.
Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына инвестициялар тарту бойынша 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Инвесторларда туындаған проблемалардың тізімін жасамақпыз. Мәселе бақылауда.
Еске салсақ, бұған дейін Үкіметте Инвестициялық штабтың отырысы өткені хабарланған.