Шығыс Қазақстанда тағы да қар көшкіні түсірілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінінің алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік» тасжолының учаскесінде жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілді.
- Тауда бірнеше жарылыс жасалып, 3150 текше метр қар түсірілді. Содан соң арнайы техникалармен жол қардан толықтай тазартылды, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары тауларға мониторинг жүргізгеннен кейін профилактикалық мақсатта қар көшкінін түсіру қажеттілігі туралы шешім қабылдап отырады. Ал ТЖД қызметкерлері жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда қар көшкініне қарсы жаңа тәсіл қолданылғаны хабарланған.