Шығыс Қазақстанда жаңа СЭС салынады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауданында жаңа су электр стансасының құрылысы басталады.

Жаңа СЭС Қалжыр өзенінде орналасады. Оның қуаты 16 МВт болмақ.
- Су тасқыны қаупі жоғары кезеңде су электр станциясының энергиясы мұқым Марқакөл ауданын қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ барлық энергия Қазақстанның біртұтас энергетика жүйесіне түседі, - дейді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Жоба аукционнан өтіп, оның жеңімпазы «KALZHYR RIVER ENERGY» ЖШС болды.
- Осы кәсіпорын СЭС салу және пайдалану құқығын алды. Бұл жоба Шығыс Қазақстанды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Енді компания 5 жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтауға міндетті. 2030 жылдың соңына дейін су электр стансасы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз, - дейді Н.Рамазанов.
Еске салсақ, осыған дейін Жетісу облысы халқының СЭС құрылысына алаңдап отырғаны хабарланған.