Шығыс Қазақстанда Жеңіс күніне орай 100-ге жуық шара ұйымдастырылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биылғы Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай 100-ге жуық шара ұйымдастырылады.

Шығыс Қазақстанда Жеңіс күніне орай 100-ге жуық шара ұйымдастырылады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Биыл өңір бойынша Жеңіс күніне орай барлығы 97 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оның ішіндегі 57-сі республикалық акциялар. 

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үйлерінде тегін медициналық тексерістен өтеді. Олар қажетті ем қабылдап, санаторийлерге жіберіледі. 

- Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылында 200 орындық және Усть-Таловка ауылында 50 орындық «Уба» шипажайы ҰОС қатысушылары, мүгедектері мен оларға теңестірілген адамдарды, еңбек ардагерлерін, жасына байланысты зейнеткерлерді, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарды қысқа мерзімді демалысын қамтамасыз етіп, емдеу үшін жұмыс істейді. Мекеменің жылдық бюджеті - 875 млн теңге. Өткен жылы санаторлық-курорттық қызметтермен 193 ҰОС ардагері мен тыл еңбеккері қамтылды, - делінген ақпаратта. 

Бұдан бөлек, мерейлі датаға орай  Екінші дүниежүзілік соғысына арналған ескерткіштер жөнделіп, қалпына келтіріледі. Ардагерлерге мерейтойлық медаль да табыс етіледі.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден берілетіндігі хабарланған.

Соңғы жаңалықтар