Шығыс Қазақстандағы аудан-қала әкімдері отыратын кабинеттің көлемі қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы қала, аудан әкімдері жайғасқан кабинеттің көлемі қандай? Осыны Kazinform тілшісі біліп көрді.

бөлме
Иллюстрациялық фото: Pexels

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың қызметтік кабинеті — 63 шаршы метр. Салыстырмалы түрде айтсақ, екі бөлмелі пәтердей. Соның ішінде әкім маңызды адамдарын қабылдап, ауданға қатысты өз шешімдерін шығарады. 

Ал Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов отыратын кабинет бұдан біршама тарлау екен. Нақты айтсақ, 38,2 шаршы метр. 

Зайсан ауданын басқарып отырған Шығыс Қазақстан облысындағы жалғыз әкім әйел Аэлита Ахметсәлімкызының кабинеті кіші мәжіліс залымен біріктіргенде 62 шаршы метрді құрайды. 

Катонқарағай ауданына әкім болып жуырда ғана тағайындалған Данияр Дүйсенбаев көлемі 34 шаршы метр кабинетте отырады. 

Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышовтың жұмыс кабинетінің көлемі — 45,7 шаршы метр. 

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар отыратын кабинетінің алаңы — 36 шаршы метр. Облыс орталығының басшысы жайғасқан кабинеттің көлемі басқа аудандармен салыстырғанда кішілеу екен. 

Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев отыратын кабинеттің көлемі Өскемен каласы әкімінің кабинетінен сәл ғана үлкен — 39 шаршы метр.

Ал облыстағы көлемі ең аз кабинет кімге тиесілі? Бұл Самар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Майкеневтің кабинеті. Көлемі небәрі 23,2 шаршы метр.

Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев көлемі 42,75 шаршы метрлік кабинетте отырады. 

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың кабинеті — 29,6 шаршы метр. 

Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов 45,7 шаршы метрлік кабинетте қызметін атқарады. Бұл Самар ауданының басшысы отыратын кабинеттен екі есе үлкен. 

Ал құрылғанына көп уақыт өтпеген Үлкен Нарын, Марқакөл аудандары әкімдерінің жұмыс кабинеті әлі бекітілмепті. Әкімдері қазір уақытша кабинет тауып, ауданға қатысты жоспарларын сонда құруда. 

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы қала, аудан әкімдерінің ай сайын алатын жалақысы мен қызметтік көлігі жайлы жазған болатынбыз.