Шығыс Қазақстандағы сайлау учаскелерінің референдумға дайындығы қалай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары референдум кезінде 500-ден астам сайлау учаскесіне барып дауыс береді.
Өңірде референдум өткізуге байланысты барлығы 547 комиссия жұмыс істейді. Оның ішінде 14-і - аумақтық комиссия, 533-і учаскелік комиссия. Бұл туралы агенттік тілшісіне ШҚО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алханова айтып берді.
- Комиссиялардың құрамында жалпы саны 3821 адам бар. Соның ішінде 98-і аумақтық, 3723-і учаскелік комиссия мүшелері. Облыста барлығы 533 сайлау учаскесі құрылған. Оның 501-і тіркеу орны бойынша, ал 32-сі уақытша болатын орындарда орналасқан, - деді ол.
Учаскелердің 129-ы немесе 24,2 пайызы Өскемен қаласында орын тепкен. Шығыс Қазақстандағы сайлаушылар саны 485 109 адам.
- Өңірде 3048 мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 1047-сі арбаға таңылғандар, 957-сі есту қабілеті, ал 1017-сі көру қабілеті бұзылған азаматтар. Шығыс Қазақстан облысында сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 213 онлайн сервис және азаматтарды тіркеуге арналған 5 сервис ұйымдастырылған, - деді Жанар Алханова.
Сонымен қатар облыс бойынша барлық сайлау учаскесінің мекенжайы мен байланыс деректерін ұсынатын 14 Call-орталық жұмыс істеп тұр
Еске салсақ, осыған дейін Павлодар өңірінде референдумда шамамен 500 мың адам дауыс беру құқығына ие екендігі хабарланған.