Шығыс Қазақстанның екі ауданында салынып жатқан әуежай құрылысының қарқыны қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы бір мезетте екі әуежайды нөлден бастап салып жатқан еліміздегі алғашқы өңір.

В ВКО с нуля строят два аэропорта — в Катон-Карагае и Зайсане
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа әуежайлар инфрақұрылымдық хабқа айналмақ. Екі жер де кездейсоқ таңдалмаған. Жобалау кезінде климат, автокөлік жолдарына қолжетімділік, логистика және құрылысқа дайындық ескерілді. Зайсандағы әуежай бұрынғы әскери аэродромның орнына салынып жатыр. Бұл жұмыс қарқынын жылдамдатуға септігін тигізді. Ал Катонқарағайдағы алаң желдің бағытына қарай әрі танымал туристік маршруттарға жақын орналасқан.

Қазіргі таңда Қазақстанның авиация саласында 4 негізгі жоба қолға алынған: екеуі Шығыс Қазақстан облысында, біреуі Маңғыстау облысындағы Кендірліде, тағы біреуі Қостанай облысындағы Арқалық қаласында (әуежайды қайта жаңғырту). Бұл жаңа әуежайлар елдің курорттық аймақтарында 117 млрд теңгеге салынып жатыр.

Катонқарағайға жету жеңілдейді

Катонқарағай - Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Ел арасында оны «Екінші Швейцария» деп те атайды. Жыл сайын осында 100 мыңға жуық турист келеді. Дегенмен, Өскеменнен мұндағы демалыс орындарына бару үшін 6-7 сағат жол жүресіз. Ал жаңа әуежай жағдайды түбегейлі өзгертуі тиіс. Оның құрылысы Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары тасжолына жақын, ең танымал туристік маршруттарға жақын жерде жүргізілуде.

Шығыс Қазақстан облысы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегіне сүйенсек, қазір құрылыс алаңында жерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмсақ сазды топырақ қиыршық таспен ауыстырылып, бірнеше қабат негіз дайындалды, терминалдар, қоймалар мен перронның құрылысына дайындық жасалуда.

- 1200 метрлік жол нығыздалып, 2 шақырымнан астам топырақ қазылды. 3450 метр қоршаулар орнатылды. 117 техника мен 200-ден астам маман сол жерде 3 ауысыммен жұмыс істеуде. Ауа райы күрделі болса да, жұмысты тоқтатпаймыз, - деді басқарма басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.

Жерді дайындау жұмыстарының ауқымы кең, атап айтқанда:

• Ұшу-қону жолағының негізін қазу және тегістеу, ұзындығы – 2260 метр;
• Әуе кемелерінің қауіпсіз қонуы үшін сазды топырақтың орнына қатты тастарды төсеу;
• Үш қабатты топырақ үйіндісі (барлығы - 68 мың м³ астам);
• Жол төсемін нығайту үшін 18 720 м³ қиыршық тас төсеу;
• Кіреберіс жолды және қоршау аймағын салу, 3450 метр қоршаулар орнату;
• Сондай-ақ перрон, өндірістік және қосалқы ғимараттардың құрылыс жұмыстары жүруде.

- Ғимараттардың іргетасы құйылып жатыр. Әкімшілік және инженерлік құрылымдар үшін шұңқырлар қазылуда. Жоба Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді.

Сондықтан оның жоспарға сәйкес іске асуын қатаң бақылаймыз. Барлық жұмыстар алдын ала жүргізілуде, - деді мердігер ұйымның жобасын басқарушы Нұржан Ескендіров.

В ВКО с нуля строят два аэропорта — в Катон-Карагае и Зайсане
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Қазіргі уақытта әуежайға электр желілері тартылып, 5 шақырымдық айналма жол салынып жатыр. Себебі республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары тасжолының бір бөлігі әуежай аумағымен өтеді. Осы учаске толығымен басқа жаққа көшірілмек. Бұл терминал мен ұшу-қону жолағының арасындағы байланысқа кедергі жасамауы үшін қажет.

- Ескі жолды алып тастап, жаңа айналма жол салуға тура келеді. Бұл жұмыс көлемін екі есе арттырды. Бірақ объектінің қауіпсіздігін және функционалдығын сақтауға мүмкіндік береді, - деді Нұрбек Тұраров.

Туристер тағатсыздана күтіп жүр

Қазір Катонқарағайда туристік маусым қыж-қыж қайнап жатыр. Маралдардың мүйізін кесу кезеңі басталып, мыңдаған демалушы мұнда сауықтыру пантотерапиясы үшін табан тіреді. Басқалары табиғаттың қарағанда көз құмарын қандыратын көріністерін тамашалап, таза ауада демалып, радонды көлдер мен Алтай балының дәмін татып көру үшін келеді. Тіпті қиын да алыс жол халықты тоқтата алмайды. Алайда көпшілік жаңа әуежай салынса келесі жылы осында ұшақпен жететіндігіне мәз-мейрам.

- Бұл кереметтей жерге мемлекеттің назар аударғанына қуаныштымыз. Келесі жылы осында тағы келуді жоспарлап отырмыз. Жаңа әуежай бой көтерсе, жол уақыты қазіргідей бір күн емес, тек бірнеше сағатты алатын болады, - дейді Астана қаласының тұрғыны Әсел Сейітжанова.

Әуежай іске қосылғаннан кейін Катонқарағайдағы туристер ағымы 2-3 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, қонақ үйлер, демалыс орындары, қызмет көрсету және логистикалық компаниялардың дамуына серпін береді.

Әскери тарихы бар әуежай

Дәл осы сәтте Зайсан ауданында екінші әуежайдың құрылысы жүріп жатыр. Оның орналасқан жері - Сатбаев ауылының маңындағы бұрынғы әскери аэродромның орны. Бұл жұмысқа тезірек кірісуге мүмкіндік берді, себебі учаскеге апарар жол мен инфрақұрылымдық негіз бар.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мұнда 290 адам және 117 техника жұмыс істеп жатыр. Ұшу-қону жолағының ұзындығы - 2200 метр болмақ. Жерді дайындау жұмыстары толықтай аяқталып, терминал, қоймалар мен инженерлік ғимараттар үшін шұңқырлар қазылды. Оптикалық байланыс желілері төселіп, су құбыры мен электр желілері тартылуда. Жалпы саны 350-ден астам тіреуіш орнатылған.

- Әуежай ішінде 4000 шаршы метр болатын аэровокзал, 4 әуе кемесі тұратын перрон, рулежді жолдар мен диспетчерлік мұнара, апаттық-құтқару қызметі, метеостанция, қазіргі заманғы радионавигациялық және жарық белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, алғашқы рейстер осы жылы іске қосылуы мүмкін. Егер жолаушы саны артса, ұшу-қону жолағының ұзындығы кеңейтілуі де ықтимал.

Халықаралық рейстер ашылмақ

Алғашқы кезеңде екі әуежай да ішкі рейстерге қызмет көрсетеді. Өскемен, Алматы және Астана қалаларынан туристер ұшаққа билет сатып ала алады. Кейін халықаралық рейстер ашу жоспарланған. Атап айтқанда, Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Канас көліне.

Жолаушыларды аймақтық деңгейдегі ұшақтар – Bombardier Q400, ATR-72, CRJ және олардың аналогтары тасиды. Субсидияланатын рейстердің билеттері 15-18 мың теңге аралығында болады деп күтілуде.

- Бұл жай ғана жұрт ұшып-қонатын әуежайлар емес, ол туризмнің дамуына сеп беретін жаңа мүмкіндік. Катонқарағай мен Зайсан арқылы Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті ашылады.

Бұл туристерге менмұндалап тұрған, табиғаты тамаша жерлер. Әуежайлар арқылы алыс аймақтар жақындап, облыстар бәсекеге қабілетті бола түседі, - дейді ҚР Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Ляззат Стамғазиева.

Жобалардың ерекшелігі қандай?

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет нөлден бастап толыққанды әуежайлар биыл салынып жатыр. Бұл ұшу-қону жолағы, ғимараттар мен барлық инфрақұрылым салынатын жоба. 

- Катонқарағайдағы, Зайсандағы және Кендірлідегі әуежайлар - Қазақстан үшін нөлден бастап әуежай салудың алғашқы тәжірибесі. Бұған дейін тек терминалдар салынып, жолдар жаңартылды, бірақ мұндай ауқымды жұмыс болған емес. Бұл стратегиялық тұрғыдағы маңызды қадам, - деп хабарлады Көлік министрлігінен.

Құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба мәресіне жеткенде Шығыс Қазақстан облысында 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Болашақта да облыс инфрақұрылымын дамыту арқылы қосымша жұмыс орындары ашылмақ. 

Еске салсақ, осыған дейін Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға ескерту жасағаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар