Шығыстағы туризм: табиғаты әсем, бірақ инфрақұрылым ақсап тұр

АСТАНА.KAZINFORM — Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында жүр. Сапар барысында ол ішкі туризмнің жай-күйін зерттеп, жергілікті кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездеседі. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шығыстағы туризм: табиғат әсем, бірақ инфрақұрылым ақсап тұр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қатонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарында Екатерина Смрлякова бірқатар кездесу өткізіп, Бұқтырма су қоймасының жағалауын аралады. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесімен саланың өзекті мәселелерін талқылады. Олардың қатарында бас жоспардың болмауы, жарықтың жиі өшуі, интернет пен байланыс сапасының төмендігі, инфрақұрылымның әлсіздігі және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетінің жеткіліксіздігі сияқты жайттар бар. Бұл факторлар табиғи және экономикалық әлеуеті зор өңірде туризмнің дамуын тежеп отыр.

Шығыстағы туризм: табиғат әсем, бірақ инфрақұрылым ақсап тұр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Кәсіпкерлер инвестиция салуға дайын, туристер келгісі келеді. Бірақ қай жерде құрылыс жүргізуге болатыны, қандай нысандар жоспарланғаны белгісіз. Жарық жоқ, интернет нашар. Мәселен, Үлкен Нарындағы визит-орталықта, мысалы туристер арнайы іздейтін жергілікті бал, пантокрин, қайың қабығынан немесе саздан жасалған бұйымдар мүлде жоқ. Ал туристер өзімен бірге Алтайдан естелік, сыйлық алып кеткісі келеді. Бұл – өңірді ілгерілетудің маңызды құралы, – деді депутат.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бағдарламалар мен қолдау шаралары болғанымен, ШҚО-ның туризм әлеуеті әлі толық жүзеге асырылмаған. Қазақстанда табиғат, мәдениет, туристік орындар жеткілікті болса да, соңғы төрт жылда туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі 3,7%-дан 3,2%-ға төмендеген. Бұл – әлемдік орташа деңгейден шамамен үш есе төмен және климаты ұқсас көрші елдердің көрсеткіштерінен де қалып қояды.

Шығыстағы туризм: табиғат әсем, бірақ инфрақұрылым ақсап тұр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Дүниежүзінде туризм – бұл жұмыс орындарының 10 пайызы, экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы. Бізде де оған барлық мүмкіндік бар. Жүйелі шаралар мен сапылы серпіліс қажет, – деді Екатерина Смолякова.

Бұған дейін депутат Маңғыстау және Алматы облыстарының туристік аймақтарында да болып, инфрақұрылым, қызмет көрсету, экология және туризмді ілгерілету мәселелерін көтерген. Шығыс Қазақстанда да жұмыс жалғасуда: алда әлі де тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесулер өтеді. Олардың ұсыныстары алдағы уақытта Парламентте қаралатын болады.

Айта кетелік депутат Наурыз Сайлаубай туризмді дамытуға өз күшін жұмсап жүрген азаматтардың мүддесі қорғалуы тиіс екенін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар