Шикізатты ел ішінде қайта өңдеуге міндеттейтін нормалар Парламент қарауына енгізіледі
Жақын арада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шикізатты ел ішінде қайта өңдеуге міндеттейтін нормаларды Парламент қарауына енгізеді. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Қанат Шарлапаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Шикізатты ішкі өңдеушілерге (сонымен қатар 15 ірі серпінді жобаны іске асыру бағытында) жеткізу механизмін іске қосу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл тұрғыда ерікті үшжақты шарт аясында негізгі алюминий, мыс және қорғасынды жеткізуге 25 келісімге қол қойылды», - деді Қ.Шарлапаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін Kazinform тілшісіне берген жауабында.
Оның айтуынша, осы бағытта шикізатты ішкі нарықтағы өндірістерге жеткізуге екпін қойылып отыр.
«Мұнымен қоса, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін жеткілікті көлемде және тиісті бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында шикізат өндіруші мен қайта өңдеуші арасында келісімдерді міндетті түрде бекіту тетігі пысықталып жатыр. Жаңа тәсіл шикізатты елден тыс жерлерге әкетуден гөрі ел ішінде қайта өңдеудің басымдығын ескеріп отыр. Бұл мәселе заңнамалық бекітуді талап етеді. Қазір аталған жұмыстар атқарылып жатыр және жақын арада біз өз ұсыныстарымызбен Парламентке жүгінетін боламыз», - деді министр.
Еске салсақ, жақында сенатор Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің проблемаларын көтерді.
«Жобаларды жоспарлау және іске асыру барысында жоғарыда аталған базалық, іске асыру және маркетингтік проблемалар қалай еңсеріледі? Сенаторларда Үкімет 15 серпінді жобаны жүзеге асыруға дайын ба деген сұрақ бар», - деді сенатор.