Шілде айында еліміздегі инфляция деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ -Г. Марченко

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Григорий Марченко мәлім етті.
Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 0,3 пайызға, ақылы қызмет көрсету 0,2 пайызға қымбаттады. Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда ет және ет өнімдері, темекі бұйымдары - 0,6 пайыз, май және тоң май, жарма бұйымдары 0,4 пайызға қымбаттаған. Жұмыртқа бағасы - 5,0, жеміс-көкөніс өнімдері - 1,2, күріш - 0,5, сүт өнімдері 0,4 пайызға төмендеген. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында көбінесе, дәрі-дәрмектер бағасы - 0,4, үй қажетіне арналған бұйымдар мен жеке бас гигиенасы тауарлары 0,3 пайызға өскен. Бензиннің бағасы - 0,5, дизель отыны - 0,1 пайызға жоғарылаған. Ақылы қызмет көрсету құрылымында тұрғын үй-коммуналдық салада қызмет көрсетуге ақы төлеу 0,3 пайызға қымбаттап, байланыс қызметін көрсету бағасы 3,9 пайызға төмендеген. Г. Марченко бұл көрсеткіштермен шілдедегі жалпы инфляция деңгейін өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз деп бағалуға болады, деді.
Жалпы шілденің қорытындылары бойынша инфляция жылдық көрсеткіште 6,7 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 5,3 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 6,2 пайызға, ақылы қызмет көрсету 9,0 пайызға өсті. Жыл басынан бергі 7 айдың қорытындысы бойынша инфляция 4,6 пайыз деңгейінде қалыптасқан.