Шылым шегу арықтауға көмектеспейді – зерттеу
АСТАНА. KAZINFORM — Копенгаген университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу темекі шегу артық салмақтан арылуға көмектеседі деп жиі айтылатын мифті жоққа шығарды, деп жазады Еuronews.

1,5 миллион еуропалық шылым шегетіндер арасында жүргізілген зерттеу нәтижесі темекі шегу іштегі майды арттыратынын көрсетті.
Шылым шегуді қойған адамның ағзасы бұрынғыға қарағанда калорияны баяу жаға бастайды, ал бұл салмақтың өсуіне әкеледі.
Дегенмен, зерттеу темекі шегуді жалғастыру да адамды сымбатты етпейтіні анық екенін көрсетті. Шылым шегу іштегі майды, әсіресе висцеральды май көлемін арттыратыны анықталды.
Іштегі зиянды май жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, инсульт және деменция қаупінің жоғарылауына әкеледі.
Зерттеушілер бұл тұжырымға темекі шегу және семіздік туралы генетикалық деректерді зерттеп, адамның алкоголь тұтынуы және әлеуметтік-экономикалық мәртебесі сияқты факторларды ескере отырып, іштегі майдың көбеюі басқа факторларға емес, темекі шегуге тікелей байланысты екеніне көз жеткізді.
Зерттеу еуропалықтардың генетикалық зерттеулеріне негізделген: оған темекі шегуді бастаған 1,2 миллион адам және 450 мыңнан астам тәжірибелі темекі шегушілер қатысты. Сондай-ақ ағзасына май тараған 600 мыңнан астам адам зерттеуге қатысты.