Шымбұлақта аспалы жол тоқтап қалып, 100-ге жуық адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында «Комби-2» аспалы жолы тоқтап қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары, ТЖМ РЖҚЖ және курорттың қызметкерлері шұғыл түрде кабинада қалған 21 адамды альпинистік құрал-жабдықпен түсірді. Сонымен қатар Талғар асуында қалған шамамен 100 қонақты қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Сондай-ақ, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының әкімшілігі күтіп тұрған қонақтар үшін ыстық сусындар мен жылынатын орындар ұсынды.

— Зардап шеккендер жоқ. Аспалы жол уақытша жұмыс істемейді — қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ТЖД, РЖҚЖ, Құтқару қызметі және «Шымбұлақ» арқан жолының мамандары төтенше жағдайларға ұқсас сценарийлер бойынша оқу-жаттығулар өткізген болатын. Осындай дайындықтың арқасында шынайы жағдайда құтқару операциясы жедел әрі қауіпсіз түрде жүргізілді.
Бұдан бұрын Алматы қаласы маңындағы Шымбұлақ шатқалында жартаста қалып қойған үш жасөспірімді Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман-есен эвакуациялағанын жаздық.