Фосфоршылар сарайында үйінді астында қалған адамның денесі табылды

фосфоршылар сарайы
Фосфоршылар сарайы, Шымкент. Фото: 2gis

Шымкенттегі Фосфоршылар сарайында үйінді астында қалған жас жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды Kazinform

Қайғылы хабарды шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков Instagram парақшасында жеткізді.

«Өкінішке қарай, бүгін Фосфоршылар сарайында қайғылы оқиға болды. Бірнеше студент сарайға кірген. Алдын ала ақпарат бойынша, жігіттердің бірі екінші қабатқа көтерілген. Онда ішкі құрылымның бір бөлігі құлап, үйінді астында қалған. Арнайы техниканың көмегі және құтқарушылардың күшімен жас жігіттің денесі үйінді астынан шығарылды. Марқұмның отбасына көңіл айтамын» дейді әкім.

Оқиға болғанға дейін ғимараттың айналасында ескерту таспалары тартылып, полиция патрулі жақын жерде кезекшілік еткен.

Бұл шаралардың бәрі апаттың алдын алу мақсатында жасалған.

Қазіргі кезде аталған ғимараттың аумағында полиция экипаждарынан бірнеше пост қойылды.

«Осы орайда ата-аналарды бос тұрған объектілерге, сондай-ақ құрылыс, қайта құру сатысындағы нысандарға бару қаупі туралы балаларға дұрыс кеңес беруге шақырамын» дейді Ғабит Сыздықбеков.

Еске сала кетейік, Шымкентте фосфоршылар сарайының үшінші қабаты құлап, бір адам үйінді астында қалғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар