Шымкент қар құрсауында қалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Оңтүстікте күн сауытты. Қалың жауған қардың салдарынан жолдарда мұз қатып, жол-көлік қозғалысы қиындай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше, 14 желтоқсан күні Шымкентте ауа температурасы +13°C-қа дейін жеткенімен, бүгін қаланы қалың қар басып қалды. Қолайсыз ауа райынан көлікпен жүру қиындай түсті. Желдің де жылдамдығы секундтына 20 метрге жетіп, тұрғындарға қосымша қиындықтар келтіріп жатыр.
Жергілікті тұрғындар Шымкентте мұндай қар көптен бері болмағанын айтуда. Әдетте, қалада қар тез еріп кететін. Ал бұл жолы қыс қаһарына мініп тұр. Бұл қаланы тазартатын коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлеріне де қиындық тудырып отыр.
Қазіргі кезде коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, жолдарды қардан тазалауда. Алайда, жапалақтап жауған қар олар тазалап кеткен жолды әп-сәтте-ақ ақ ұлпаға қайта толтырып жатыр.

Қаланың басты көшелерін тазалауға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 189 арнайы техника мен 500-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Тағы 114 коммуналдық қызметші саябақтар мен алаңдардағы жаяу жүргіншілер аумақтарын тазалап жатыр.
Абай ауданында 80 басты көшеге инертті материалдар себіліп, қардан тазартылды. 31 бірлік арнайы техника мен 100 адам қарды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ көшелер мен аулаларды тазалауға қосымша 11 техника мен 50 қызметкер тартылды. 10 көлік тротуарларды тазартып жатыр.
Әл-Фараби ауданында 30 адам мен 6 арнайы техника тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Қаратау ауданындағы 638 көшені, оның ішінде әлеуметтік нысандар орналасқан 128 көше мен жаяу жүргіншілер жолын тазалауға 100 жұмысшы мен 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Тұран ауданында қар тазалау жұмыстарына 227 адам мен 43 бірлік арнайы техника тартылды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды аса қажет болмаса ұзақ жолға шықпауға шақырып отыр. Сондай-ақ, жол ережелерін сақтап, мұқият болу керектігі ескертілді.
— Жүргізушілер, әсіресе, көктайғақ кезінде апат қаупін азайту үшін жылдамдықты азайтып, алдыңғы көлікке дейінгі қашықтықты ұзарту керек. Жаяу жүргіншілер де абай болғаны жөн, өйткені жолдардағы көктайғақ көліктердің тежеуін қиындатады, — деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Ауа-райының нашарлауына байланысты Шымкент әуежайында да проблемалар туындап, рейстердің кешігуі жарияланған. Мәселен, сағат 06:55–ке жоспарланған KC971 Алматы-Шымкент рейсі 23:10–ға шегерілді. Сондай-ақ, DV707 Шымкент-Алматы рейсі бірнеше сағатқа кешігіп жатыр.

— Болжам бойынша ауа-райы Шымкент әуежайында ұшып-қонуға мүмкіндік бермейді, сондықтан жоғарыда көрсетілген ұшу уақыты кейінге шегерілуі мүмкін. Жолаушылар рейстердің жағдайы мен кестедегі ықтимал өзгерістер туралы ақпаратты авиакомпаниядан, сондай-ақ Шымкент әуежайының ресми сайтынан ала алады, — деп түсіндірді әуежайдың баспасөз қызметі.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Шымкентте күн күрт суытады. 16 желтоқсанда түнде ауа температурасы -17°C дейін төмендеуі мүмкін.