Шымкент көшелерін су басты

Шымкент
Фото: видеодан кадр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қатты нөсерден Шымкент көшелері судың астында қалды.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеодан көліктердің жолда су кешіп өтіп жатқанын көруге болады. Яғни, қала жолдары жаңбыр суына толып қалды. Әсіресе,«Кабиско» аталатын аймақ тұрғындары қатты әбігерге түсті. Тіпті, көшедегі су дүкендер мен кофехана секілді коммерциялық нысандардың ішіне кіріп кеткен. Онда тұтынушылардың су кешіп жүргенін көруге болады. Ал сабақтан қайтқан оқушылар жолдың арғы бетіне өту үшін тізеден су кешуге мәжбүр болды.

Қазір Төтенше жағдайлар департаментінен арнайы шыққан бригадалар су айдау жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Олар қала көшелерімен қатар жеке үйлердің ауласына кіріп кеткен суды айдау жұмыстарын да жүргізіп жатыр.

Желідегі жазбаға пікір білдірушілер жол жиегіндегі су арналарының дұрыс жұмыс істемейтінін айтып шағымданды.

Олардың ішінде «Жарты сағаттың ішінде Венецияға айналып кетті», «Арықтарды тазалау керек», «Сабақтан қайтқан баламның екі аяғына су кіріп кеткен. Аялдама алды суға толып қалған өте алмай, көлікке мініп өттік» деген жазбалар бар. Сондай-ақ, «Такси шақырып едік, қайық келіп тұр деген» әзіл пікірлер де бар.

Соңғы жаңалықтар