Шымкент мұнай өңдеу зауытында кернеудің төмендеуінен бір қондырғының жұмысы уақытша тоқтады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент мұнай өңдеу зауытында сыртқы электр желісіндегі кернеудің төмендеуіне байланысты бір қондырғының жұмысы уақытша тоқтатылды. Электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Оқиға мұнай өнімдерін өндіру көлеміне әсер еткен жоқ.

Шымкент мұнай өңдеу зауытында кернеудің төмендеуінен бір қондырғының жұмысы уақытша тоқтады
Фото: ҚазМұнайГаз

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мәліметінше, кернеудің төмендеуі «KEGOC» АҚ-ның 220 кВ сыртқы электр желісінде болған. Электр энергиясын беру қалпына келтірілгеннен кейін мамандар технологиялық қондырғыны қайта іске қосуға кірісті.

— Өндірістік нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оқиға тәуліктік мұнай өнімдерін өндіру көлеміне әсер еткен жоқ. Өнімдерді тиеп-жөнелту де штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр, — деп хабарлады «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты электр энергиясын сыртқы желілерден алады. Компанияның мәліметінше, кәсіпорында орнатылған автоматика және апатқа қарсы қорғаныс жүйелері кернеу ауытқуларының әсерін барынша азайтады.

Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында мұнай шламы тұтанғанын хабарлаған едік.