Шымкент тұрғыны қамқорлығындағы қызды мектепке қабылдаудан бас тартқанына шағымданды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент тұрғыны қамқорлығындағы қызды мектепке қабылдаудан бас тартқан директорға қатысты әлеуметтік желіде видео жариялады. Оның айтуынша, бұл жағдай қала әкімінің жеке қабылдауынан кейін болған. Тұрғын әкімнің осы мәселеге қатысты берген тапсырмасы орындалмағанын да мәлімдеді.
Тұрғынның сөзінше, қайтыс болған сіңлісінен бір ұл мен бір қыз қалған. Бірнеше жыл бойы тиісті құжаттары толық рәсімделмеген қыз бала жақында қамқоршылыққа алынған. Қазір оның заңды өкілі бар. Оның айтуынша, қыздың денсаулығында кінәрат бар, оған медициналық диагноз қойылған.
Осы мәселеге байланысты тұрғын жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жеке қабылдауында болған. Кездесу барысында әкім тиісті басқарма басшысы мен қорғаншылық бөліміне баланың денсаулығын жан-жақты тексеріп, қажетті көмекті ұйымдастыруды, сондай-ақ мектепке қабылдау мәселесін шешуді тапсырған.
Алайда тұрғынның айтуынша, арада бір күн өтпей жатып, баланы Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы «Қазыбек» мектебіне апарғанда, директор оны қабылдаудан бас тартқан.
— Мектеп басшылығы әкімге барғанымызды, шағымданғанымызды алға тартып, қызды бұл мектепке қабылдамайтынын айтты, — деді тұрғын.
Оның сөзінше, қорғаншылық бөліміне де хабарласып, баланың оқуына қатысты мәселені шешуге көмектесуді сұраған. Алайда әзірге нақты нәтиже болмаған.
— Қызымыздың мектепке баруға, балабақшаға немесе дайындық тобына қатысуға, денсаулығына байланысты тиісті қолдау алуға заңды құқығы бар. Бізге ең алдымен балалардың тағдыры маңызды. Олардың денсаулығын уақытылы тексертіп, қажетті ем-дом алуына, білім беру ұйымына қабылданып, қоғамнан тыс қалмауына жағдай жасалуын сұраймыз, — деді тұрғын.
Жағдайға қатысты Шымкент әкімдігі ресми түсінік берді.
Әкімдіктің мәліметінше, қала тұрғыны Айман Абдуллаева 11 қарашада қала әкімінің жеке қабылдауында болып, бірқатар мәселе көтерген. Соның бірі — қамқорлығындағы қызды мектепке орналастыру мәселесі.
— Алайда тұрғын баланы тек «Қазыбек» мектебіне қабылдауды сұраған. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, аталған білім беру ұйымында даярлық сыныбы қарастырылмаған. Сонымен қатар бір ғана балаға арнап жеке сынып ашу мүмкін емес. Осыған байланысты ата-анаға тұрғылықты жеріне жақын орналасқан екі мектеп пен екі балабақшаға орналастыру мүмкіндігі ұсынылған. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартқан, — делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ ведомство қала әкімінің жеке қабылдауына барғаны үшін баланы мектепке қабылдаудан бас тартылды деген мәлімдемені жоққа шығарды.
— «Қазыбек» мектебі директорының айтуынша, мектеп тарапынан мұндай мазмұндағы әңгіме болмаған. Керісінше, тұрғын мектепке телефонмен кіріп, білім беру процесіне кедергі келтірген. Жеке қабылдау барысында ол мектеп мәселесінен бөлек, өзге де әлеуметтік мәселелерді көтерген. Қала әкімі оған жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге және уақытша қызметтік баспана алу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізген, — делінген жауапта.
Әкімдік өкілдері әлеуметтік желіде ақпарат жарияламас бұрын оның анықтығына көз жеткізіп, ресми дереккөздермен салыстыру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Шымкентте мектеп терезесін жуған мұғалім абайсызда құлап, ауруханаға түскенін жазған едік.