Шымкент зообағындағы керіктің басындағы ісік жұртты алаңдатты

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Шымкент зообағындағы керіктің видеосы таралып, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Жануардың басындағы томпақ пен тар көрінетін жабық қораға қатысты зообақ әкімшілігі түсініктеме берді.

Анатомия или болезнь: в Шымкентском зоопарке ответили на тревогу горожан из-за жирафа
Видеодан алынған скрин

Instagram желісінде жарияланған видеода керіктің жабық павильонда тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары оның басындағы томпақты аурудың немесе жарақаттың белгісі болуы мүмкін деп болжап, жануардың жағдайын тексеруді талап етті.

Кейбір тұрғындар керікке арналған орынның тарлығын сынға алып, зообақтағы жануарларды күтіп-бағу жағдайына назар аударуды сұрады.

– Оған не болған? Басындағы томпақтар мен жаралар қайдан шыққан? Мал дәрігері қайда қарап отыр? Жануарларға тиісті күтім жасалмайтын, жеткілікті аумағы жоқ мұндай зообақтарды жабу керек. Бұл нағыз жануарды қорлау! Оған ол жерде орын тым тар. Зообақты тексеруді талап етеміз, – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Шымкент зообағының әкімшілігі керіктің басындағы томпақ ауру немесе жарақат емес, аталық керіктерге тән табиғи анатомиялық ерекшелік екенін түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, жануардың жасы ұлғайған сайын бас сүйегіндегі сүйекті өсінділер айқынырақ көріне бастайды. Табиғатта аталық керіктер аналықтар мен аумақ үшін таласқанда ұзын мойындарын сермеп, бастарымен соққы жасайды. Ал сүйекті өсінділер бас сүйегін қорғап, соққының күшін арттыруға көмектеседі.

– Керіктің маңдайындағы дөңес бөлік – аталықтарына тән табиғи анатомиялық ерекшелік. Жануардың жасы ұлғайған сайын бас сүйегіндегі сүйекті өсінділер айқынырақ көрінуі мүмкін. Бұл жарақат емес, ағзаның табиғи физиологиялық дамуының бір бөлігі. Аталған ерекшелік қорғаныш қызметін атқарады және табиғи ортада аталық керіктердің өзара күресінде өзіндік құрал ретінде пайдаланылады, – деп түсіндірді зообақ әкімшілігі.

Сондай-ақ зообақ қызметкерлері керіктердің кейде бастарын қоршауға немесе ағаштарға үйкейтінін айтты. Соның салдарынан мүйіздерінің ұшындағы жүн түсіп, терісі ашылып қалуы мүмкін. Сырттай қарағанда бұл жарақатқа ұқсайды.

Ал жабық қораның көлеміне қатысты сынға әкімшілік жануарларды қыста күтіп-бағу тәртібімен жауап берді.

– Қыс мезгілінде қолайсыз ауа райы мен төмен температураға байланысты керіктер ашық алаңға шығарылмайды. Бұл уақытта олар арнайы жабдықталған, жылытылатын қысқы павильонда ұсталады. Мұндай шара жануарлардың денсаулығын сақтауға, суықтан қорғауға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ашық аумаққа шығару мүмкіндігі ауа райы мен ауа температурасына қарай реттеледі, – деп хабарлады зообақ әкімшілігі.

Зообақ мәліметінше, қызметкерлер керіктердің мінез-құлқын, қоректенуін және жалпы жағдайын күн сайын бақылап отырады. Қажет болған жағдайда ветеринар мамандар жануарларды тексереді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы зообағындағы Пурга есімді ақ аюдың жағдайы да тұрғындарды алаңдатқан болатын. Зообақ әкімшілігі жануардың денсаулығы қалыпты екенін және оның тұрақты ветеринариялық бақылауда екенін мәлімдеген еді.