Шымкентте 10 көшеде асфальт жабыны шөгіп кетті
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласындағы Нұртас шағынауданында 10 көшеде жол шөгіп, асфальт жабыны бүлінген.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Нұртас шағынауданында асфальт жабынының төмен түсуі анықталған көшелерде құрылыс жұмыстарын «Тараз Строй 2004» мердігер мекемесі жүргізген.

— Бұл көшелерде 2023 жылы кәріз жүйесін жүргізу жұмысы басталып, 2024 жылы мемлекеттік қабылдауға өткізілген. Алайда соңғы жауын-шашыннан кейін асфальттың бірнеше тұсы төмендеп, жол жабынының бұзылуына әкелді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда әкімдік тарапынан мердігер мекемеге асфальтты қалпына келтіру бойынша нақты тапсырма берілген. Сонымен қатар қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жұмысты қадағалау міндеті жүктелді.
— Жөндеу барысында жолдың негізі нығайтылып, қайта асфальт төселеді. Компания жұмысты осы аптада бастап, қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Бұдан бұрын Шымкентте кәріз коллекторының істен шығуына байланысты жолдың қақ ортасында асфальт опырылып, суға толған терең шұңқыр пайда болғанын жазған едік.