Шымкентте 10-нан астам жекеменшік балабақша жабылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін Шымкентте бірнеше жекеменшік балабақша жұмысын тоқтатты. Ал мемлекеттік тапсырыс пен төлемақыға қатысты шешімдер өзгермеген.

Сәтпаевта жаңартылған балабақша 300-ден астам баланы мектепке дейінгі біліммен қамтып отыр
Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша, шаһарда 10-нан астам жекеменшік балабақша жұмысын тоқтатқан. Бұған дейін мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігі – ваучерлік жүйе енгізіліп, саладағы бірқатар заңсыздық анықталған болатын.

Спикердің сөзінше, берілген ваучер бала алты жасқа толғанға дейін сақталады.

– Бұрын балалар бір орында ұйықтап, сол жерде ойнап, сол орында тамақтанатын, яғни талапқа сай жұмыс істемейтін балабақшалар болды. Қазір де бар, алайда олардың саны азайып келеді. Қалада 600-ден астам балабақша болса, оның 71-і – мемлекеттік. Мемлекеттік балабақшалардың бірде-бірі жабылған жоқ. Ал жекеменшік балабақшалардың 12-сі жабылды. Әлі де жабылып жатқандары бар, – деді ол.

Бүгінде жекеменшік балабақшалардың жабылуына қарамастан, қаладағы балабақшалар саны 645-ке жеткен.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жекеменшік балабақшаларда төлемақы өседі, мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшарттар ұзартылмайды және бірқатар мектепке дейінгі ұйымдар жабылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Қала әкімдігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.

– Жекеменшік балабақшалардың қызметі, мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі қаржыландыру мәселелері, ата-аналардың төлемақысы және өзге де ұйымдастырушылық тетіктер Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес реттеледі. Қазіргі таңда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың жабылуы немесе мемлекеттік тапсырыс келісімшарттарының тоқтатылуы мен төлемақының қымбаттауы туралы ешқандай шешім қабылданбаған, – делінген қалалық білім басқармасы ұсынған ақпаратта.

Сонымен қатар ведомство өкілдері ата-аналар мен азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, тексерілмеген және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.

– Қосымша ақпарат алу үшін тиісті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстары мен байланыс арналарына жүгінулеріңізді сұраймыз, – делінген мәліметте.

Бұдан бұрын Шымкенттегі 83 мектепте мұғалімдердің жүктемесі нормадан асып кеткенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум