Шымкентте 13 кәсіпорын 90 қызметкерге 133 млн теңгеден астам жалақы қарыз

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорында жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

ең төмен жалақы
Фото: Kazinform

Қазіргі таңда 13 кәсіпорын 90 қызметкерге 133 млн теңге көлемінде жалақы төлемегені анықталған. Берешек сомасы бойынша көш бастап тұрған – «Шымкентхиммонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын үш жұмысшысына 19 млн теңге көлемінде еңбекақы берешек. Бұдан бөлек, «Total Industry» ЖШС – 4 жұмысшыға 4,7 млн теңге, ал «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС – 7 жұмысшыға 5,7 млн теңге қарыз. Сонымен қатар, тағы 2 кәсіпорында 4 жұмыскерге 1,76 млн теңге көлемінде мерзімі өткен жалақы берешегі бар. 
Алайда ең күрделі жағдай – банкроттық және оңалту рәсіміндегі 8 кәсіпорында байқалып отыр.

Бұл кәсіпорындар 72 жұмыскерге 102 млн теңге көлемінде жалақы берешегін өтеуге тиіс. Аталған сома жалпы берешектің 77 пайызын құрап отыр. 

- Біз өз тарапымыздан қарап отырған жоқпыз. Іс – қимыл жасап жатырмыз. Берешектер толығымен орындалғанша уәкілетті органдармен өзара іс қимылда боламыз. Жалақы берешегін қордаланбауы біз үшін өзекті және күн тәртібінен түспейтін болады, - деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Жеңіс Мақұлбаев.

Тағы бір айта кетер мәселе, жыл басынан бері қала аумағында 13 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 9 адам ауыр жарақат алып, 4 адам көз жұмған. Оқиғалардың негізгі себептері ретінде жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер, қауіпсіздік шараларының толығымен қамтамасыз етілмеуі және жұмысшылар тарапынан жол берілген өрескел абайсыздықтар мен жол-көлік оқиғалары көрсетілуде.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте әкімдіктің 54 қызметкері құмар ойынға бой алдырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар