Шымкентте 1300-ден аса оқушыға ыстық тамақ ваучері рәсімделмеген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін ваучерлік жүйеге тіркелу қажет.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде «Әлеуметтік әмиян» интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған. Бұл жүйе арқылы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін ваучер рәсімделуі тиіс.
— Қалада 1-4 сынып аралығында ыстық тамақпен қамтылуы тиіс 75 815 оқушы, ал 5-11 сыныптарда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 21 494 оқушы бар. Алайда, бюджет есебінен ыстық тамақпен қамтылатын жалпы 97 309 оқушының 1336-сына әлі күнге дейін ваучер рәсімделмеген. Мұны рәсімдемесе, оқушылар ыстық тамақ іше алмайды, — деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, мемлекет ұсынған жеңілдікті пайдаланбай, ваучерді рәсімдемеу — мектеп басшыларының кінәсі.
— Осыған байланысты оқушылардың ата-аналарына 1414 egov платформасы арқылы смс-хабарламалар жіберілді. Смс-ті қабылдамаған ата-аналар мен осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істемеген мектептер бар. Бұған мектеп басшылары кінәлі. Әсіресе, қаладағы № 135, 151, 149 мектептерде 369 оқушы ваучерді рәсімдеу мүмкіндігінен тыс қалған. Ата-аналар бұл мәселені мектеп басшылығынан талап етуі керек, — деді ол.
Бұдан бұрын Шымкентте балабақша қызметкерлеріне 3 ай бойы әлеуметтік аударымдар төленбегенін жазған едік.