Шымкентте 14 мыңнан астам ана мереке қарсаңында қосымша жәрдемақы алады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Халықаралық әйелдер күніне орай, Шымкентте көпбалалы аналар бір реттік әлеуметтік төлем алады. Мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша қолдау 14 267 әйелге тиесілі.
8 наурызға арналған біржолғы төлем «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, «Батыр ана» атағын алған әйелдерге, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға беріледі.
— Мерекелік жәрдемақы 2026 жылдың 8 наурыздағы жағдай бойынша Шымкентте тұрақты тіркелген әйелдерге төленеді. Барлығы қалада 14 267 анаға материалдық қолдау көрсету жоспарланған, — деп хабарлады қала әкімдігі.
Біржолғы әлеуметтік төлем 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (21 625 теңге) беріледі. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді.
Алушылардың тізімдері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде автоматты түрде қалыптасатын болады. Ешқандай өтініштер талап етілмейді, төлемдер белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемдерді 10%-ға арттырды. Биыл қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылды.