Шымкентте 200-ден аса адамды алдаған қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Ansar Gold атты қаржы пирамидасының қызметін әшкерелеп, тоқтатты.

Өздерін зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға бес ай ішінде салынған қаражаттың 40–60%-ы көлемінде ай сайын табыс түсетінін және негізгі капиталдың сақталуына кепілдік берілетінін уәде еткен.
Алайда, іс жүзінде төлемдер тауар сатудан түскен кірістен емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылғаны анықталды.
ҚМА мәліметінше, қаржы пирамидасына 200-ден астам адам тартылып, 400 млн теңгеден астам қаржы салынған.
Сондай-ақ күдіктілер өздерінің туыстарын «дроп» ретінде тартып, олардың банк карталарын пайдалану арқылы басқа қатысушылардан түскен ақшаны қолма-қол шешіп отырған.
- Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды. Қазіргі уақытта оған тиесілі автокөлік пен тұрғын үйге шектеу қойылды, - деп жазды агенттіктен.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, Қаржы пирамидасына байланысты сотталған блогер Мейірхан Шерниязов бостандыққа шықты.