Шымкентте 220-дан аса кәсіпкер әлеуметтік тауарға сауда үстемесін асырып қосқан

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бағаны тұрақты бақылауда ұстау мақсатында жыл басынан бері 2 мыңнан астам кәсіпкердің қызметіне талдау жасалған. Нәтижесінде шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 226 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шымкентте 220-дан аса кәсіпкер әлеуметтік тауарға сауда үстемесін асырып қосқан
Фото: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атаудан тұратын тізбесі бекітілген.

– Жыл басынан бері азық-түлік бағасының едәуір өсуі тек Шымкентте емес, республика көлемінде байқалды. Мәселен, сиыр еті 31 пайызға қымбаттады. Бағаның өсуіне жол бермеу үшін Үкімет тарапынан сиырларды тірідей шетелге шығаруға және ет экспортына шектеу қойылды, - деді ол.

Дегенмен, соңғы уақытта сиыр етімен қатар тауық еті мен сүт өнімдерінің бағасы өскен. Бұған қаланың сырттан келетін өнімдерге тәуелділігі әсер етті.

– Мал азығының қымбаттауы ет бағасының өсуіне тікелей ықпал етті. Шымкентке жеткізілетін еттің 80 пайызы Түркістан облысынан әкелінеді. Ал көкөністер Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және солтүстік өңірлерден жеткізіледі. Баға осы факторларға тікелей байланысты. Дегенмен, қаланы толық қамту мүмкін болмағанымен, ірі сауда желілері мен тауар өндіруші кәсіпорындармен келісім-шарттар жасалды. Қазіргі таңда 90-ға жуық сауда нысанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып жатыр, - деді ол.

Бұдан бұрын Шымкентте 1 300-ден аса оқушыға ыстық тамақ ваучері рәсімделмегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар