Шымкентте 2300-ден астам тұрғын үй құжатсыз салынған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жер телімдерін есепке алу, олардың заңдылығын бақылау және тиімді пайдалану мақсатында кешенді зерделеу жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй кезегі
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламовтың айтуынша, қала аумағында өз бетінше салынған тұрғын үйлерге құқық беру мәселелерін қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті зерделеу жүргізілген. Нәтижесінде құжатсыз салынған 2314 тұрғын үй құрылысы анықталды. Олардың ішінде 1831 үй жарамды, ал 483-і тұруға жарамсыз деп танылды.

— Көптеген азаматтар кезінде алаяқтардың арбауына түскен. Кейбірі «құжатын кейін жасап береміз» деген уәдеге алданып, тиісті рәсімдеусіз үйлерге қоныстанған. Ал кейбіріне жалған құжаттар берілген. Кейін олардың заңдық күші сот арқылы жойылған. Осыған байланысты өз бетінше салынған тұрғын үйлерді заңдастыру бойынша тиісті шешім қабылданады, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар қалада қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін және тұруға жарамсыз 187 құрылыс нысаны бұзылған.

Спикердің сөзінше, бүгінде Шымкент қаласында 283 мың адам жер кезегінде тұр. Алайда қолданыстағы заңнама мен қаланың бас жоспарына сәйкес, қазіргі таңда азаматтарға жер телімдері берілмейді.

— 2023 жылдан бастап республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жер кезегіне азаматтар тіркелмейді. Дегенмен тұрғындарға еліміздің басқа өңірлерінде, тіркелген мекенжайына қарамастан, жер кезегіне тұру мүмкіндігі берілген. Бірнеше өңірге өтініш беруге болады. Қай өңірде кезегі бірінші келсе, жер сол аймақтан беріледі, — деді Азат Исламов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қала аумағының шамамен 70 пайызы жеке тұрғын үй секторына тиесілі.

— Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақ 747 гектар болса, жеке тұрғын үйлер 10 509 гектарды қамтиды, яғни көпқабатты үйлердің үлесі аз. Сондықтан қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үй құрылысын дамытуға басымдық беріледі, — деді спикер.

Бұдан бұрын Шымкентте заңсыз құрылыстарға қатысты 125 нысанға әкімшілік хаттама толтырылып, 70 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар