Шымкентте 2,5 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының прокуратурасы 2,5 мыңнан астам кәсіпкер мен жеке тұлғаның құқықтарын қорғады, деп хабарлайды қала прокуратурасы.

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Прокуратура жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сыртқы жарнама саласындағы қызметінің заңдылығына талдау жүргізген.

Талдау барысында хабарлама бермеген 4286 кәсіпкерге қатысты мемлекеттік бақылау нәтижесінде заң талаптары сақталмағаны анықталған. Атап айтқанда, оларға бұзушылықтарды өз еркімен жоюға мүмкіндік беретін ұсынымдар енгізілмей, бұл құқықтары шектелген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті орган тарапынан жарнама пайдаланушыларға анықталған бұзушылықтарды ерікті түрде жою үшін тиісті ұсынымдар берілуі тиіс.

- Сонымен қатар жарнама болып табылмайтын 127 нысан (маңдайшалар) негізсіз сыртқы жарнама ретінде есепке алынған. Сондай-ақ сыртқы жарнама объектілерін орнатпаған 115 тұлға (ғимаратты жалға берушілер) заңсыз түрде төлемақы төлеушілер ретінде танылған.

Аталған заң бұзушылықтардың салдарынан кәсіпкерлерге жалпы сомасы 260 млн теңге көлемінде төлемақы негізсіз есептелген, - деп жазды бақылаушы органнан.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бюджетке заңсыз өндірілген қаражат қайтарылып, 2571 кәсіпкер мен жеке тұлғаның құқықтары қорғалды.

Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қала прокуратурасы кәсіпкерлерді сыртқы жарнаманы орналастыру кезінде сәулет және қала құрылысы басқармасына тиісті хабарлама жолдап, жарнама көлеміне сәйкес төлемақыны уақытылы төлеуге және заң талаптарын сақтауға шақырды.

Айта кетейік, Қызылордада кәсіпкерлерге заңсыз айыппұл салғандар жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар