Шымкентте 35 жас сарбаз әскери борышын өтеуге аттанды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар қаланың жинақтау пунктінде 35 бозбаланы әскери борышын өтеуге салтанатты жағдайда шығарып салды.

Олар жас жауынгер курсынан өткен соң Қонаев гарнизонындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімінде қызмет ететін болады.
Іс-шараға қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, құрметті қонақтар, ардагерлер ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
— Бабаларымыз ұлан-ғайыр қазақ даласын қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманат етті. Қару асынып, сапқа тұрып, әскери борышын өтеу — әрбір ер азамат үшін үлкен абырой. Біз сіздердің осы құрметті міндетті лайықты орындайтындарыңызға сенеміз. Қызметін үздік атқарған сарбаздар әскерден кейін тегін жоғары білім алуға немесе әскери қызметті жалғастыруға мүмкіндік алады, — деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Ал Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Мадияр Райымбердиевтің айтуынша, сарбаздар әскери қызмет барысында бронды транспортер көздеушісі, оқшашаршы, граната атқыш, атқыш, мерген сынды әскери-есептік мамандықтарды меңгереді.
— Жауынгерлік дайындық бағдарламасына сәйкес, әр сарбаз бір жылдың ішінде екі рет парашютпен секіреді, — деді ол.
Болашақ десантшыларды гарнизонның әскери оркестрі шығарып салды. Отан қорғаушыларды қолдауға «Жас сарбаз» жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері мен Қорғаныс министрлігіне қарасты Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің курсанттары да келді. Олар Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдарымен бірге концерттік бағдарлама дайындап әкеліпті.
Күзгі шақырылым науқаны аясында алдымен ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жасақталатынын айта кету керек.
Күзгі шақырылым бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласынан ҰҚК Шекара қызметіне 170 сарбаз жөнелтілді. 1 желтоқсанға дейін Қарулы күштер қатарына тағы 850 жасты шақыру жоспарланып отыр.
Айта кетелік әскери қызметшілерге қолдау көрсететін AI-sulu Telegram-боты іске қосылды.