Шымкентте 4 емхана сенімгерлік басқаруға беріледі
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Емханаларды сенімгерлік басқаруға беру мерзімі мен қаржыландыру көздері нақтыланды.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибековтың айтуынша, бүгінде ескі типте салынған, тозығы жеткен №4, 9, 10, 11 емханаларды сенімгерлік басқаруға беру жобасы іске асырылып жатыр.
Аталған мәселе қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігімен келісу сатысында тұр.
– Үш қабатты №4 емхана 1938 жылы салынған. №9 емхана 1962-1964 жылдары асар әдісімен тұрғызылған, оның төрт ғимараты лайдан салынған әрі күрделі жөндеуге де мүмкіндік жоқ. №10 емхана дәрігерлік амбулатория ретінде салынғандықтан, қазіргі талаптарға сай келмейді. №11 қалалық емхананың ғимараты да осындай жағдайда, - деді ол баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы сенімгерлік басқаруға беруге қызығушылық танытқандар бар екенін атап өтті. Түпкілікті шешім конкурс нәтижелері бойынша қабылданады.
– Алдағы жылдары жаңадан ашылған мөлтекаудандарда қала бюджеті есебінен екі жаңа емхана салу жоспарланып отыр. Алайда мұндай шығынды бюджет бір мезгілде көтере алмайды. Осыған байланысты өзге өңірлердің тәжірибесі қаралды. Мәселен, Қызылорда қаласында 14,7 млрд теңгеге жаңа емхана салынып жатыр. Сондықтан бұл мекемелер сенімгерлік басқару тетігі аясында айқындалды. Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген жағдайда, жоба одан әрі жүзеге асырылады, - деді ол.
Бұдан бұрын Шымкентте сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік кәсіпорын мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.