Шымкентте 6 адам пиротехникадан жарақат алды, оның екеуі - жасөспірім
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Мерекелік демалыс күндері Шымкент қаласында жедел медициналық жәрдем қызметі 9631 шақыртуға шықты.

5 күн ішінде қалада жазатайым оқиғалар мен уланулар бойынша 749 шақырту тіркелген. Олардың ішінде 25-і жол-көлік оқиғасы болса, 11 көміртегі тотығымен улану жағдайы және екі өрт, бір газ жарылысы бар. 6 адам пиротехникадан жарақат алған, оның екеуі жасөспірім.
- Бір жағдай бойынша қолын жарақаттап алған науқас ауруханаға өзі барып, алғашқы ем қабылдаған. Ал, 5 жағдай бойынша жарақат алған адамдар жедел жәрдем көмегімен жеткен. Барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмағандықтан, амбулаториялық емдеумен үйлеріне жіберілді – деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Қала тұрғындарына сапалы және жедел көмек көрсету мақсатында стационарлық резервтен алты санитарлық автокөлік алынған. Содан қарбалас уақыттарда 26 қосымша бригада жұмылдырылған.
- Жалпы 2024 жылғы 31 желтоқсаннан 2025 жылғы 4 қаңтарға дейін Шымкент қаласында жедел медициналық жәрдем қызметі 9631 шақыртуға қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш мереке алдындағы күндермен салыстырғанда тәулігіне 150-200 шақыртуға немесе 9 пайызға төмен,-деді Бақытжан Абдуллаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жалған құжат жасап, алаяқтықпен айналысқан күдікті іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.